Маңғыстауда «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 130 әйел квота алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 130 әйел квота алды

26.04.2021

Маңғыстауда «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасымен жыл басынан бері 130 әйел квота алды. Бүгінде оның 20 пайызы құрсақ көтерді. Жалпы, осы бағдарлама негзінде өңірдегі 267 әйелге қолдау көрсетілмек. Айта кетейік, Президент тапсырмасымен биыл арнайы жоба әзірленіп, оның аясында «ЭКО» бағдарламасына республика бойынша 7 мың квота бөлінді.

Жанаттың квотаға қолы жеткелі бала сүйем деген үміті қайта оянды. 15 жылдан бері нәрестелі бола алмай жүрген ол былтыр жаңалықты ести сала бірден кезекке тұрған болатын. Биыл алғашқылардың бірі болып квотаны алды. Қазір ЭКО-ға дайындық үстінде.

Жанат,   Ақтау қаласының тұрғыны:
Жеке қаражатпен барғанда кем дегенде 2 млн-дай кетеді. Бүгінгі таңда бізге барлығы тегін қарастырылған. Алдағы уақытта Алматы қаласына барып, сол жақта функция жасатып, жақсы жаңалықпен ораламын деген үміттемін. 

Облыста квотаға үміткер 600 отбасы бар. Бірақ биылға тек 267-сі бөлінген. Алайда, сәби сүйгісі келетін ерлі-зайыптылардың бәрі бірдей жеңілдікті ала алмайды дейді, мамандар.

Назгүл Диханова,    репродуктолог дәрігер:
Квота алғысы келетіндер өте көп. Бірақ, бірінің жасы сай келмейді, енді бірінің денсаулығы жарамайды. Квота – критерийларға сай келетін ерлі-зайыптыларға ғана беріледі. Әйелдің жасы 42 ден аспауы шарт. Сондай-ақ, жатыр түтіктері бітеліп, табиғи жолмен бала көтере алмайтындарға басымдық беріледі.

 Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазір елде отбасылардың 15 пайызы бедеуліктің зардабын тартып отыр. Маңғыстаудың өзінде 570 жанұя кезекте тұр. Олар бұған дейін квотаны 4-5 жылдап күтетін. Ал, қазір көп отбасының үміт оты оянды. Мәселен, былтыр облысқа 47 квота бөлінсе, биыл оның саны 7 есе артты.

 Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу