Ұлттық Ұланның сарбазы өзіне қол жұмсады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық Ұланның сарбазы өзіне қол жұмсады

24.01.2019

Алматы облысында Ұлттық Ұланның сарбазы өзіне оқ атып, қайтыс болды. Қатардағы жауынгер Қожан Ұласбек Ұзынағаш кентіндегі әскери бөлімде борышын өтеп жатқан. Кеше түнде ол өзін басынан атып, сол жерде қайтыс болған. Қазір жантүршігерлік оқиғаның себептері зерттеліп жатыр.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Қайғылы оқиға кеше сағат түнгі 1:30 шамасында Ұлттық Ұланның Ұзынағаштағы 28237 әскери бөлімінде болған. Қатардағы сарбаз Ұласбек Қожан өзінің қаруымен өзіне оқ атқан. Әзірге жас сарбаздың мұндай қадамға не үшін барғаны белгісіз. Ол әскер қатарына былтыр мамыр айының соңында шақыртылған екен. Әскери борышының аяқталуына бар-жоғы 4-ақ ай ғана қалған.

«Жауынгер оқиға болған кезде ішкі қарауылда сағаттық кезекшілікте тұрған. Сондықтан оның қасында ешкім болмаған»,-дейді қызметтестері. Ал, әскери бөлімнің тәрбие жөніндегі бөлім бастығы оның белсенді, ашық мінезді жігіт болғанын айтады. Сондай-ақ, кеше телефон ұстамаған, яғни, сырттан ешкіммен хабарласпаған.

Вячеслав Пак, Тәрбие және әлеуметтік жұмыс бөлімінің бастығы:

- Кеше ол ешкіммен сөйлескен жоқ. Біздің арамызда да өте ашық, сыйлы жігіт еді. Мұнда оны барлығы құрметтейтін. Не үшін өзіне қол салғаны бізге де жұмбақ.

Оқиғаның орнына жақындап баруға, әскери бөлімнің ішіне кіруге бізге рұқсат берілмеді. Тек Ұлттық Ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі ресми мәлімдеме арқылы тергеу басталғанын жеткізді.

Данара Баймағанбетова, Ұлттық Ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің бастығы:

- Аталған дерек бойынша Алматы әскери тергеу басқармасында қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қызметтік тексеру тағайындалды.

Қожан Ұласбек 1996 жылы туған. Әскер қатарына былтыр Астана қалалық қорғаныс істері жөніндегі департамент арқылы шақыртылған. Ал, негізгі туған жері қазіргі Түркістан облысы Жетісай ауданы. Оның денесін жақындары бүгін Оңтүстікке алып кеткен.

Аманкелді СЕЙТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу