Бұл Ақмола облысы Кеңбидайық ауылының әкімі Балғабай Иманов. Зейнет жасына келді. Орнына ешкім таласып жатқан жоқ. Оның үстіне ең басты мәселе – жер мәселесі де әбден шиленіп қалған. Елімізде жер жетпейтін ауыл жетеді.
Сонымен биыл әкімінің өкілеттігі аяқталатын ауылдарда сайлау өтеді. Бұл бастау бола ма? Атқарушы биліктің бүкіл сатысын айтамыз. Бұл енді күтетін процесс. Ал ауылдардың әкімін сайлауды бастайды екенбіз, ең маңызды сұрақ - Ауыл әкімдеріне жаңа өкілеттіктер беріле ме? Олар жер мәселесі шешілмей, «Менің қолымда не бар дейсіз?» деп күрсінгеннен басқа не істей алады? Азамат Алдоңғар сараптап көрді.
Алматы облысындағы Кеген ауданы Шырғанақ ауылдық округінің тұрғындары жаңадан сайланған, дәлірегі тағайындалған әкімге қарсы. Аудандық мәслихат депутаттарының үш кандидатқа дауыс беру нәтижесінде ауылдың бұрынғы әкімі жеңіліп, орнына көрші ауылдың әкімдігінде небары екі жыл қызмет еткен жас маман таңдалыпты. Жергілікті тұрғандар сайлауға түскен кандидаттардың тізімі бізбен келісілген жоқ деп қол жинап, облыс әкімдігі мен Президент әкімшілігіне хат жолдапты. Олар - ауыл әкімі болса да, демократиялық принциппен сайлансын дейді.
Роза Батырханова, ауыл тұрғыны:Оппозиция деген тарихта болған, болып жатыр, болады да. Өзіміздің әкімімізді қайтадан орнына отырғызсын. Үлкен глобальный жоспарларымыз бар, соны жүзеге асырайық.
Оппозицияға шыққан ауыл азаматтарына облыстан комиссия келді. Алайда келіссөз жүргізуге емес, басу айтуға келген көрінеді. Екі мың тұрғыны бар ауылдың тағдырын аудандағы 12 депутаттың шешуі легитимді сайлау болды деді комиссия.
Жанболат Жөргенбаев, Алматы облыстық мәслихатының хатшысы:Талапқа сәйкес біздер енді аудандық сайлау комиссиясымен аудандық депутаттардың ішкі жұмысына біз енді араласа алмаймыз. Заңға сәйкес, талапқа сәйкес олар осы процедураны өткізуі тиіс еді. Оны өткізді.
Ауыл әкімдерінің мәселесі аудан әкімінің кабинетінде шешілетін күндер енді келмеске кетуі тиіс. Осы аптада сайлау туралы заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы Парламентке кірді. Онда биыл мерзімі аяқталған ауыл әкімдерінен бастап аудандық маңызы бар қала әкімдерін, кейін сатылап облыстық маңызы бар қала әкімдерін де халық тікелей дауыс беру арқылы сайлайды деген нормалар бар.
Миржан Иманбаев, ҚР ҰЭМ өңірлерді талдау және өзін-өзі басқаруды дамыту департаменті директорының орынбасары:Ауылдағы тұрғындар өз-өздерін ұсыну құқығына ие болады. Бұл бірінші тәсіл болады. Екінші тәсіл саяси партиялар өздерінің құрамынан кандидат ұсыну құқығына ие болады. Бұл негізгі екі тәсіл. Егер де бұл екі тәсіл арқылы екі кандидаттан төмен ұсынылса үшінші балама тәсіл қарастырылған. Аудан әкімі сол ауылда тұратын қоғамдастықпен келісілген кандидатты ұсыну құқығы бар.
Осы тәртіппен еліміз бойынша түрлі деңгейдегі 2345 әкім сайлануы тиіс. Оған бюджеттен 17 млрд 600 млн теңге жұмсалады. Алғашқы 836 әкімнің тағдыры биыл шешіліп, оған 5 млрд теңгеге жуық жұмсалмақ. Осылайша бір әкім бюджетке, салық төлеушілерге деп түсініңіз, 6 млн теңгеге түсіп отыр.
Азамат Алдоңғар, тілші:Біз Ақмола облысы Қорғалжын ауданы Кеңбидайық ауылындамыз. Кеңбидайық күзде жоспар бойынша ауылы әкімін сайлауы тиіс. Алайда көпшілігіміз ойлағандай әкім деген бұл жақта абыройлы қызмет емес.
Абыройлы болмауының себебі ауылдың елге ұсынар еңбегі, жұмылып жүргізетін кәсібі жоқ. Жекешелендіру кезінде ұстағанның қолында, тістегенді аузында кеткен ауылдың малы да, жері де қалмаған. «Әкім» деген абыройлы аты болмаса шеннің заты - қираған көне қорғанды күзеткен шырақшының күні тәрізді. Әкімдік мерзімінің соңғы бірнеше айын тәмамдап зейнетке кететін Балғабай Иманов өз араларынан орнын басатын адам табылмайды ма деп қорқады.
Балғабай Иманов, Кеңбидайық ауылының әкімі:Ауылда бар жастар. Оқып, қазір мектепте жұмыс істеп жүр. Өзімнің қарамағымда жұмыс істеген азаматтар бар. Бірақ ала тондарын алып қашып жатыр. Шынын айтайын, тақауда да әңгімелесіп. Бастарын ала қашып, шынын айтайын, жоқ бармаймыз дейді.
Себебі ауыл түгілі тұтас ауданның азын аулақ еккен егіні болмаса өндірісі жоқ. Өндірісі жоқтың мол кірісі де жоқ.
Балғабай Иманов, Кеңбидайық ауылының әкімі:Қаржыландырылу мәселесі аз деп ойлаймын. Өйткені аудан деңгейінде бюджеттің өзі 90 процент Үкіметке қарап отыр. Аудан бойынша ешқандай өнім өндіретін, көрші Целиноград ауданы сияқты салыстыруға болмайды. Ауыл тұрғындарын көтеру үлкен сұрақ.
Ауылды көтеру үшін мал басын көбейту керек. Алайда оған жер керек. Ал жер мәселесі...
Балғабай Иманов, Кеңбидайық ауылының әкімі:Жер мәселесі өте үлкен. Өйткені осында 17 шаруа қожалығы ашылып жерлерді алған. Содан кейін тағы да ТОО-лар. Мораторий болып, кейін ауданнан инспекция болып үлкен жұмыстар болып жатыр.
Жерді заңды түрде иеленіп отырған шаруаларға тіс батпайтынын білетін әкім шарасыздан тілін тістейді. Десе де орнына жалынды жастар келіп іс өзгереді ме деген үміті де жоқ емес. Алайда сайланатын әкімді күтіп тұрған перспективаларды шынайы бағалаған саясаттанушы жаңа әкім «кезекті бір әкім» болуы ықтимал дейді.
Шалқар Нұрсейітов, саясаттанушы:Ауылдық жерлердегі жайылым мәселесі аудан әкімі шешетін мәселе емес. Өйткені бұл республиканың масштабындағы проблема. Саяси шешімдерге қарай, шешімдерге сүйене отырып ауыл әкімдері өз алдына шешім қабылдайтын болады. Яғни ауыл әкімдерінің қолында тұрған мәселе емес.
Сайланатын әкімнің қолы қысқа болатыны – халықтың сеніміне ие болғанымен, құзыреті сол қалпы шектеулі болып қала беретінінде дейді сарапшымыз.
Шалқар Нұрсейітов, саясаттанушы:Әрине, әкімдердің тікелей сайлау арқылы билікке келуі қолдайтын дүние. Бірақ бұл жерде мәселе тек ғана ауылдық және аудандық маңызы бар қалалармен шектеліп қалайын деп тұр. Сондықтан әкімдерді сайлайтын болсақ меніңше барлық деңгейдегі әкімдерді сайлау керек.
Заң жобасын әзірлеген Ұлттық экономика министрлігіне «сайланбалы әкімдерге қандай құзырет беріледі» деген сауал жолдадық. Құзырет емес, жауапкершілік туралы ғана айтты.
Миржан Иманбаев, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің өңірлерді талдау және өзін-өзі басқаруды дамыту департаменті директорының орынбасары:Аудан әкімінің алдында жауапкершілік тұрғыдан ештеңе өзгермейді. Бірақ халық сайлағаннан кейін халықтың алдында жауапкершілігі өседі. Өйткені халық алдында есеп бергенде өзінің сайлауалды уәделерін орындамаған жағдайда халық, жергілікті қоғамдастықтың осы әкімді лауазымынан уақытынан бұрын шектеуге ұсыныс беруге құқығы бар.
Десе де саясатпен қақ-соғы жоқ ақ-адал ауыл тұрғындары әкім сайланады деген жаңалықты естіп үміттеніп отыр.
Нұржан Баймұратов, Кеңбидайық ауылы қоғамдық кеңесінің мүшесі:Сайлау анық болатын болса өзгерістер болады. Халыққа жаны ашитын адам болатын болса, халыққа жаны ашитын әкім болатын болса. Сол адамды тауып қоя алсақ сайлауда.
«Ол адам міндетті түрде білімді, ел мен жердің жайын түсінетін, ауылдың тынысымен таныс болуы тиіс», - дейді Нұржан Баймұратов. Оның тіпті елдің азаматы болуы да маңызды емес дейді. Әйтеуір жайқалған ауылды жүдеткен жемқорлардың қателігін қайталамаса еді деген тілектері бар ауыл азаматтарының.
Нұржан Баймұратов, Кеңбидайық ауылы қоғамдық кеңесінің мүшесі:Жақсылыққа ұмтылу керек, болды басқа ештеңесі жоқ. Анау алып кетті, мынау жеп кетті, мынау ішіп кетті. Кетті кеткені, барсын. Халық пен жер сәйкессе, әкім соны қоштаса Үкіметпен бірге болды жұмыс жүре береді.
Әкімдіктен үмітті кандидаттың міндетті түрде жоғары білімді болуы, мемлекеттік қызметте бір жыл, мемлекеттік емес ұйымның басшылық қызметінде кемінде 2 жыл жұмыс өтілі болуы тиіс деген талаптар іске келуге ниеттенген ауылдағы еңбек адамдарының көңілін су сепкендей басатыны өкінішті. Алдағы өзгерістерге партиялар қандай қам жасап жатыр деген оймен елімізде тіркелген бес саяси партияға хабарласып көрдік. Олар: «әлі заң жоқ қой, қабылданса міндетті түрде кандидат ұсынамыз» деген жауап қатты. Саяси күн тәртіпті қалыптастыруы тиіс саяси партиялардың бейқамдығы біз тілдескен саясаттанушылардың «ай, қайдам» деген күмәні негізсіз емес екенін көрсететін сияқты. Десек те, өзгерісті күтіп отырған ауылдағы ағайынның көңілін қимайсың.
Азамат Алдоңғар, Жазира Оразқызы