Өскеменде көпқабатты үйдің тұрғындары үреймен өмір сүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде көпқабатты үйдің тұрғындары үреймен өмір сүріп жатыр

21.04.2021

Өскеменде осы бір үйдің ғана емес, бірнеше көпқабатты үйдің тұрғындары үреймен өмір сүріп жатыр. Өйткені, жел соқса болды, үйдің қасбетін қаптаған материал төмен құлайды. Тіпті, жарақат алған адамдар да бар.

10 қабатты үйдің тұрғындары қаттырақ жел соқса, балаларын далаға шығаруға қорқады. Себебі, үйдің сыртын қаптаған керамогранит тақталар бос тұр.

 Айша Долданқызы, қала тұрғыны:
Қорқып, әбден біттік. Балаларды сыртқа шығара алмаймыз. 4 немерем бар, далаға шықса жанымызды шүперекке түйіп, уайымдап отырамыз. Мына плитка түссе, адам басына, адам сеспей қатады.

 Талай адам осы жерде бір ажалдан аман қалғанын айтты. Соңғы жағдай былтыр ғана болған. Жоғарыдан құлаған керамогранит аулада ойнап жүрген Айшаның баласының аяғын кесіп кеткен.

Айша Бақытбекқызы, қала тұрғыны: 
Аяғы қатты жараланып, кесіп кетті. Екі ай ақсаңдап жүрді. Қатты қан ақты.
 Арман Нұрғалиев, қала тұрғыны: 
Үйдің сырты түссе түсіп қалсын. Адамның өмірін ешкім қайтарып бере алмайды. Сондықтан бұл үлкен мәселе.

 Шағым көп болған соң былтыр қалалық әкімдік осы үйдің қас бетін басқа материалмен қаптау туралы шешім қабылдаған. Алайда, бұл жоспарды жүзеге асыру үшін ақша әлі бөлінген жоқ.

Әлібек Тұрсымбетов,  қала әкімінің кеңесшісі:
Бюджетті бекітіп, ақша бөлу ғана қалды. Облыстық мәслихатта бекітсе, қаржы қалалық қазынадан бөлінеді.

Өскеменде сырты осындай материалмен қапталған бірнеше көпқабатты үй бар. Олардың да керамогранит тақталары кей жерлерде қабырғаға әрең ілініп, қатты бір жел соқса, құлайын деп тұр.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу