Мәскеуде Қазақстан-Ресей әріптестігінің 30 жылдығына орай конференция өтті
«Тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы тиіс. Ал Қазақстан мен Ресейдің достығына сызат түсіргісі келетіндердің пікіріне назар аудармаған жөн», - дейді мемлекет қайраткерлері. Мәскеуде екі ел арасындағы серіктестіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған конференцияда депутаттар мен тарихшылар, ғалымдар ынтымақтастықтың әлеуетін арттыру жайын талқылады.
Қазақстан мен Ресей арасында ресми деңгейде шешімін таппаған еш мәселе жоқ. Ынтымақтастықтың құқықтық, экономикалық, саяси және мәдени негізі берік қаланған.
Берік Әбдіғалиұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:Әрқашан ғалымдардың арасындағы диалог, біріккен зерттеулер болу керек. Екі елдің арасында араңдатушылық сонда болмайды. Тарихшылар белгілі тақырыпқа келісіп, ортақ зерттеу жасамағанша, екі елдің арасында сондай арандатулар көп бола береді.
Виктор Водолацкий, РФ Мемлекеттік думасының депутаты:Біздің қарым-қатынасымызға сына қаққысы келетіндердің әрекеттері көп жылдық тарихымыздың жанында түкке тұрмайды. Тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы тиіс.
«Әр мемлекеттің, әр ұлттың өз тарихы бар. Оған құрметпен қарау ортақ міндетіміз»,-дейді көрші ел саясаткерлері. Сондықтан ғылыми диалогты қайта жандандыру маңызды.
Аликбер Аликберов, РФ ғылым академиясы шығыстану институтының директоры:Онсыз да Ресей үшін стратегиялық серіктес, әріптес бола білген мемлекеттердің саны көп емес. Тарихты естен шығармай, оған сүйенуіміз керек. Себебі, біздің тарихымыз ортақ. Ал асығыс айтылған пікірлерге назар аудармаған жөн.
Қатысушылар бұл форум тарихтың беймәлім тұстарын зерделеуге мұрындық болатынын айтады. Ынтымақтастықтың ең басты қағидаты-мемлекеттердің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын қорғау.
Индира Бегайдар