Батыс Қазақстандағы жолдардың 70 пайызы сапасыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстандағы жолдардың 70 пайызы сапасыз

20.04.2021

Батыс Қазақстанда жолдардың 70 пайызы сапасыз. Бірнеше күн бұрын Президент те облыс жолдарын сынаған еді. Таяқтың бір ұшы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына да тиді. Өйткені мекемеге тиесілі республикалық жол құрылысы салынбай, мерзімінен кешігіп жатыр.

Бұл Оралдан Ресей шекарасына дейінгі республикалық тасжолдың бір бөлігі. Былтыр салынса да, ой-шұңқыры көбейіп, кей жері жарылып кеткен. Жолға жауапты  «ҚазАвтоЖол» мекемесі.

Ал бұл облыс орталығынан 500 шақырым қашықтағы Бөкей ордасындағы жол да күз-көктемде батпақтан, қыста қардан, жазда шаңнан арылмай тұр. 2019 жылы басталған құрылыс биыл бітуі тиіс еді. Бірақ үш жылда үш шақырым да төселмеді. Бұған да жауапты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы.

Әмір Кәрімбаев, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ БҚО филиалының директоры:
Казталов-Жәнібек бағытындағы автожолдың 68 шақырымын және Өнеге-Бисен-Сайқын жолының 50 шақырымын асфальтбетон жамылғысымен жабу көзделіп отыр.

Ал мынау қаладағы Бөкейханов көшесі. Былтыр төселіп, биыл тесіліп жатыр. Шұрық-тесік Шолохов, бір емес, екі рет жөнделген Молдағұлова, жолы болмаған Жақсығұлов, Құсайынов, Орақбаев, тағы басқа да көшелердің кетеуі кетіп тұр. Мерзімінде жұмысты атқармаған мердігерді жергілікті билік сотқа берді.

Сапасыз жолды сынап жүрген қоғам белсенділерінің бірі – Азамат Мүсілов. Көп ұзамай «ҚазАвтоЖол» мекемесінің өңірдегі басшысы орнын босатты.

Азамат Мүсілов, қала тұрғыны: 
Жол салу жүйесін өзгерту. Бүгінгі күні біздер кеңес жүйесімен салып келе жатырмыз әлі. Ол жүйе бүгінгі көліктің көптігіне есептелмеген. Ең бірінші, құжаттама соны өзгерту керек. Екіншіден, ақшаны тек қана бөліп қана қоймай, оны бақылау керек. Үшіншіден, қоғаммен жұмыс істеп үйрену керек.

Облыстағы жолдардың 34 пайызы ғана талапқа сай. Қоғам мен Президент сынынан кейін бірер күнде өңірге вице-министр келіп, жолдың жайын көрмек.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу