Ақтөбенің Ақшат елді мекенінде жаңа жол жарты жылға жетпей опырылып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбенің Ақшат елді мекенінде жаңа жол жарты жылға жетпей опырылып қалды

19.04.2021

Тағы да жолдың жыры. Ақтөбенің Ақшат елді мекенінде салынғанына жарты жыл ғана болған көшенің асфальт жамылғысы бірнеше жерден опырылып түсті. Құрылыс барысында қырдан келетін суды ағызып жіберетін суағарлар салынбаған. Ауылдағы жолы жоқ көшелердің жағдайы тіпті қиын. Тұрғындар шағымын Жақсыбек Кемал тыңдап келді.

Ауылдағылардың әр көктемде көретін күні осы. Ми батпаққа айналған жолмен көлік те жүре алмайды.

Несібелі Бекпанова, ауыл тұрғыны:
Жолымыз ойдым-ойдым болып жатыр. Әр үйде машина бар. Балаларымыз жұмысқа қатынайды. Жүре алмай жатырмыз.
Жақсыбек Кемал:
Мына сай ауылды екіге бөліп жатыр. Ал, оның үстінен салынған жалғыз көпірді су шайып кеткен. Соның салдарынан елді мекеннің екінші жағында тұратындар үйлеріне тек жаяулап баруға мәжбүр.

Ал, өткен жылы ауылдың бір көшесіне алғаш рет тасжол төселді. Бірақ, тұрғындар қуанышы ұзаққа созылмады. Жарты жыл өтпей жатып, асфальт жамылғысы бірнеше жерден опырылып, жыраға айналды.

Гүлжанат Лепесова, ауыл тұрғыны:
Автобустар кіре алмай жатыр. Су «Ақбұлақтан» келетін еді, кіре алмай жатыр. Үлкен машиналар жүрсе, трасса көтере алмайды, одан әрі төмен түсіп бара жатыр. Кеш батқанда жүре алмаймыз. Өйткені әр жерде тесік көп.

Қазір жолдың әсіресе, су құбыры өткен аумақтары ортасына түсе бастаған. Ал, тас жолы жоқ келесі көшелердің сиқы тіпті адам шошырлық.

Вусал Ахмедов, мердігер мекеме директорының орынбасары:
Былтыр бізге дейін бұл көшелерге су тартылған болатын. Ол аумақтарды барынша сапалы істегенімізбен, бәрібір тас жолдың беткі қабаты сыр берді. Енді келісімшартқа қайта жөндейміз.

Ұзындығы екі шақырымнан сәл асатын бұл жолға 147 млн теңге жұмсалған. Енді олқылықтарды мердігер мекеме бір апта ішінде толықтай жөндеуі тиіс.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу