Бүгін Шығыс Қазақстанда қайта қар жауды. Осы күні аймақта жауын-шашын болып, қар жауатынын синоптиктер алдын ала болжаған. Дауылды ескерту жарияланған. Сондай-ақ кейбір аудандарда қалың тұман түсіп, бұрқасын соқты. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетті. «Қазгидромет» мамандарының айтуынша, Шығыста алдағы күндері де ауа райы құбылмалы болады.
Динара Жиембаева, «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының синоптигі:
Алдағы үш күнде тұрақсыз ауа райы сақталады. Кей жерлерде жаңбыр, қар жауады. Таулы аймақтарда тұман, бұрқасын күтілуде. Ауа температурасы түнде 13 градусқа дейін төмендейді.
Жалпы еліміздің солтүстік өңірлерінде күн күрт суып, жұртты әбігерге салып жатыр. Табиғаттың тосын мінезі әсіресе жүргізушілерге қиын тиді. Мәселен бұл Нұр-Сұлтан-Қарағанды бағытындағы жол. Қар мен көк тайғақтың кесірінен көлік қозғалысы қиындаған. Болжам бойынша еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын, ал солтүстік өңірлерде қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болады. Әрі секундына 20-25 метрге дейін жел соғып, найзағай ойнайды. Тіпті Алматы, Жамбыл облыстарында да үсік жүруі мүмкін. Синоптиктер суық ауа райына Скандинавия түбегінен келетін антициклон себеп дейді.
Берік Көшербай