Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасын қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасын қабылдады

19.04.2021

Бүгін Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановты қабылдады. Қазір агенттік қызметін қылмыстық процестің үш буынды моделіне бейімдеу жұмыстары жүріп жатыр. Президент сыбайлас жемқорлықпен күрес әдістерін жаңғырту, жұмыс барысында жіберілетін қателіктерді қасақана жасалған қылмыстардан ажырата білу қажеттігіне, сондай-ақ, кінәлі адамды қылмыстың барлық құрамы болған кезде ғана жауапқа тарту керектігіне тоқталды. Бұдан бөлек кәсіпкерлердің құқығын қорғауға, бизнестің жұмысына заңсыз араласатын және көлеңкелі айналымға қамқорлық көрсетуді жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін қатаң қарауға қатысты міндеттер жүктеді.

Сондай-ақ, Президент Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетовті қабылдады. Кездесу барысында 21 сәуір күні өтетін жоғарғы кеңестің күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, ұлттық жобаларды, оның ішінде, цифрландыру және агроөнеркәсіп кешенін дамыту салаларындағы бағдарламаларды әзірлеу тәсілдері қаралды. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қайрат Келімбетовке ұлттық жобалардың тізімін және оларды қарастыру тәртібін пысықтауға қатысты бірқатар тапсырма берді.

Асима Нұрбайқызы


ақорда президент

Хабарламаларға жазылу