Ауыл әкімдерін енді бұрынғыдай мәслихат депуттары емес, тұрғындар тікелей сайлайтын болады. Ұлттық экономика министрлігі осы саяси өзгеріске қатысты заң жобасын әзірледі. Көпшіліктің таңдауымен алғашқы болып биыл өкілеттік мерзімі аяқталған 836 ауыл әкімінің орнына келетін азаматтар қызметке кіріседі. Бұған бюджеттен 4,8 млрд теңге қарастырлып отыр.
Екі мыңға тарта тұрғыны бар Аманкелді ауданындағы Қарасу ауылында былтыр ауыл әкімдігіне кандидаттарды қоғамдастық мүшелері таңдады. Дегенмен қоғамдастық таңдаған кандидаттың ішінен әкімнің қызметін атқаратын адамды аудандық мәслихат депутаттары сайлады. Ал қоғамдастықтың мүшелігіне кірмейтін азаматтың өзі қалаған үміткерді ұсынуға да құқы жоқ. Сондықтан әкімді жалпы тұрғындардың сайлауы әркімнің өз еркін білдіруіне берілген мүмкіндік.
Серік Наурызбаев, Қарасу ауылының тұрғыны:
Келешекте ауыл сайлағаны дұрыс. Біз сондай бір жаңашылдық күтеміз. Ауылымызға су тарту, балабақша, мектеп салу мәселесі болашақта жақсарса деген мақсатта біз әкімді өзіміз сайлағымыз келеді.
Жобаға сәйкес әкім лауазымына жекелеген азаматтар өзін-өзі ұсынуына болады. Екіншіден саяси партиялар атынан да түсе алады. Осы екі жағдайда да үміткер болмаса, онда аудан әкіміне ұсынуға мүмкіндік беріледі. Кандидаттардың жасы 25-ке жеткен болуы тиіс. Ең бастысы жергілікті жердегі түйткілдерді жете білгені абзал.
Қырмызы Жаңбыршина, облыстық мәслихат депутаты:
Ауыл адамдары өздері білетін, өздері танитын, саналы, елге жанашыр азаматтарды сайлайды деп ойлаймын. Ол азаматтар өз кезегінде елдің мұң мұқтажын білетін, күрмеулі мәселенің шешімін табатын болады деп ойлаймын өзін сайлаған елдің сенімін ақтау үшін.
Жаңа жоба бойынша сайлауға дейінгі науқанға 40 күн беріледі. Оның 8 күні үгіт-насихатқа арналған. Заң жобасының таныстырылымы саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың және басқа да сарапшылардың қатысуымен 5 және 13 сәуірде өткізілді.
Дәуренбек Әбдібек