Жамбыл облысында айдын-көлдерде судың аздығынан балық шаруашылықтары шығынға батты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында айдын-көлдерде судың аздығынан балық шаруашылықтары шығынға батты

15.04.2021

Жамбыл облысында балық шаруашылықтары шығынға батып жатыр. Айдын-көлдерде судың аздығынан кейбірінде тіпті балықтар түгелдей қырылып қалған.

Сәбит Әлдебай, тілші:
Кезінде балығы тайдай тулаған Байзақ аудандағы көлдердегі көрініс осы. Қыс айларында мұнда су болмағандықтан балықтары түгелдей қырылып қалған. Қазір осындағы он көлге су келмей табандары құрғап, қамыс басып жатыр.

Кедергіге тап болған шаруалардың бірі - Руслан Изделюпов. Оның көліне су келмей тұр. Балықшы қазір көліне шабақ жіберіп, қаржы жұмсауға қорқып отыр. Өйткені субұдан әрі келмейтін болса, шіліңгір шілдеде мүлдем тартылып, есіл еңбек еш кете ме деп алаңдайды.

Руслан Изделюпов, шаруа:
Былтыр да дәл осындай жағдайға тап болғанбыз. Тереңдігі 4 метр судан бар-жоғы 8 сантиметр ғана қалды. Мұндай жағдайда балық шаруашылығымен айналысу өте қиын. Енді су жеткізу үшін әр текше метріне қаржы төлеу керекпіз. Ол тым қымбатқа түседі. Тиімсіз.

Бұл көлшіктерге су Қазсушар мекемесіне қарасты каналдармен жеткізіледі. Тіршілік көзі берілген күннің өзінде жеткізу қызметі ақылы болмақ. Онда да егіннен артылса ғана беріледі. Демек, балықшыларға суды күзге дейін күтулеріне тура келеді.

Жауапты орган бұл проблеманы жақсы біледі. Бірақ, қолдан келер шара жоқ. Өйткені су арналарында жөндеу жұмыстары бітпейінше көлдерге су бармайды.

Аслан Оразбеков, Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
Мәселе бар. Каналды жөндеуіне байланысты бүгінгі күні су бере алмай отырмыз. Мүмкіншілік жоқ.

Балық шаруашылықтарына су тек каналдар жөнделіп біткеннен кейін ғана берілуі мүмкін. Оның өзі екіталай. Жамбыл ауданындағы Сұлукөл мен Жаманкөлде осындай жағдай.

Сәбит Әлдебай


Хабарламаларға жазылу