Ақтөбе облысындағы шошқа фермасының қызметкерлері жұмыссыз қалдық деп шағымданды. Әрі соңғы ай үшін жалақы төленбей жатқанын алға тартты. Ал, өңір басшылығы оларға жаңа жұмыс орындарын ұсынып отыр.
Бұған дейін Мемлекеттік сот орындаушылары шошқа фермасының жұмысын тоқтатқан еді. Яғни, енді кәсіпорыннан зиянды қалдық шығарылмайды, ағынды суды төгуге де рұқсат жоқ. Сәйкесінше, мұндағы қызметкерлер де жұмыссыз қалып отыр. Еске салайық, өткен жылдың соңында ауыл тұрғындары мен қоғам белсенділері ауылдағы шошқа фермасын жабуды талап еткен.Кейін кәсіпорын жұмысы тексеріліп, көптеген олқылықтар анықталды. Кәсіпкер 7млрд теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Кейін ол үй қамаққа алынды. Жұмыс берушінің ақпаратына сәйкес мұнда 400-ден астам адам қызмет етеді. Олардың 152-сімен ғана еңбек келісімшарты жасалған.
Бұлбұл Елеусінова, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
Барлығымен жеке-жеке түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жұмыспен қамту орталықтары арқылы бос жұмыс орындары ұсынылып отыр. Ертеңгі күні серіктестік жұмысы толық тоқтатылған жағдайда да жұмыс орындары ұсынылатын болады.