Пара алды деп айыпталған Аягөздің экс-әкіміне қатысты істе бұрмалау көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Пара алды деп айыпталған Аягөздің экс-әкіміне қатысты істе бұрмалау көп

15.04.2021

Шығыс Қазақстандағы Аягөз қаласының бұрынғы әкімі жеті айдан бері қамауға алынып, тергеліп жатыр. Оған жеке кәсіпкерден «пара талап етті» деген айып тағылған. Алайда, күдікті өзіне қатысты істі «арандату» деп санайды. Өйткені бірнеше рет өткен сот процестерінде экс-әкімге қатысты куәгерлердің жауаптары бұрмаланып, сот хаттамалары қолдан жасалғандығы анықталған. Шулы іс бойынша кезекті сот отырысына өңірдегі тілшіміз Ержан Жақып қатысып қайтты.

Аягөз қаласының бұрынғы әкімі - Қуаныш Азыханов шаһарды дамытуға қатысты өткен жылдары 25 жобаны іске асырған. Алайда, жергілікті сот өкілдері мемлекеттік бағдарламаларды орындау кезінде заң бұзушылыққа жол берілді деп, қала басшысына 8 млн. теңге көлемінде айыппұл салыпты. Амалын тауып айыпты өтемек болған экс-әкім, басым бәлеге қалды дейді.

Айыпталушының досым деп отырғаны, аудандық Мәдениет үйінің бастығы. Ол өзі етене жақын араласқан қала әкімі ақшаны қарызға емес, жеке кәсіпкердің атқарған жұмыс актісіне қол қою үшін пара ретінде талап етті- дейді.

Кенен Алпысбаев, куәгер: 
Не үшін бердіңіз? Қарызға бердіңіз бе? Жоқ. «Көркемнен» сұраған процент үшін 500 мың теңге бердім.

Жеті айдан бері жүріп жатқан тергеуде көп шикілік анықталған. Мәселен, бірнеше куәгердің жауаптарын тергеушілер өздері бұрмалаған. Тіпті хат танып, оқу білмейтін адамды куәға тартып, хаттамаларға заңсыз қол қойдырған.

Ерлан Байахметов, куәгер: 
Әріп танымаймын. Осы жерге қол, осы жерге қой деді. Сол жерге қол қойып бердім.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі тергеушілері сот отырыстарының хаттамаларын қайта жасап, жасырын ауыстырған кезде әшкере болған. Қазір заңсыздыққа барған тергеушінің өзі істі болып жатыр. Ал айыпталушы - Қуаныш Азыхановтың қоғамдық қорғаушысы болып жүрген, туған қызына белгісіз біреулер бірнеш рет қоқан-лоқы көрсеткен.

Айнұр Азыханова, айыпталушының қызы:
Бойы ұзын, қара маскалы жас жігіт. Мойнымнан қылқындырды. Жемқорлыққа қарсы қызметкерлерге қарсы арызымды қайтып алуды сұрады.

Қазір сотқа қатысып жатқан 24 куәгер экс-әкімді жақтап жауап беруде. Бұрынғы қала басшысы 1 млн 200 мың теңгені пара емес, қарызға сұрағандығы жайлы, дәлелдер көп. Мемлекеттік айыптаушылар болса әзірге бұл іске қатысты түсінік беруге дайын емес екендіктерін жеткізді.

Ғасырбек Баяхметбаев, прокурор:
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі бар. Сол жақпен хабарласыңыз. Біз мемлекеттік айыптаушы, қазіргі іс бойынша ешқандай сұраққа жауап бере алмаймыз.

Шулы істі қараудан жақында бір судья бас тартқан. Енді сотта жеті ай бойы тыңдалған куәгерлерден қайта жауап алынып жатыр. Әзірге істің немен аяқталатындығы белгісіз. Бірақ кінәсі әлі күнге дәлелденбей келе жатқан Қуаныш Азыхановтың туыстары әділдіктің орнауын талап етуде.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу