Қазақстан жасанды түсік жасатудан әлемдік рейтингте үшінші орында тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан жасанды түсік жасатудан әлемдік рейтингте үшінші орында тұр

14.04.2021

Қазақстан жасанды түсік жасатудан әлемдік рейтингте үшінші орында тұр. Мұндай мәліметті World Population Review сайты жария етті. Оған сүйенсек, алғашқы тізімде Ресей, екінші орында Вьетнам, үшінші кезекте Қазақстанда аборт көп жасалады. Бұған Денсаулық сақтау министрлігі не дейді. Ақпараттың анық қанығына Раушан Сайлауқызы көз жүгіртіп көрді.

 Жасанды түсік жасатқан мына пациенттің жасы 30 да. Бір емес, екі рет күрделі ота жасалды. Дәрігерлер енді біраз уақыт бала көтеруге тыйым салып отыр.

Емделуші: 
Екі рет түсік жасаттым. Себебі денсаулығыман қауіп төніп тұрды.

Ал мына бойжеткен түсікке тіксіне қарайды. Азаматы алдап кеткен. Ата-анасынан қолдау таппады. Бірақ тағдыр тауқыметіне қарамастан сәбиін алдыртудан бас тарқан. Қазір алты айлық перзентімен аналар үйін паналап жүр.

Жас ана:
 Аборт жасатасың деп белгілеп қойған.  Сол жасататын күні мен қашып кеттім.

Сан түрлі тағдыр. Сан түрлі себеп. Тек өткен жылы елімізде 71526 азаматша жасанды түсік жасатқан. Негізгі себеп әлеуметтік жағдайдың төмендігі мен оң босағада отырып бала көтеру. Бұдан бөлек, жатырға біткен шақалақтың түрлі патологиялық ауруға душар болуы да статистиканың артуына себеп дейді гинекологтар.

Айдана Бигетаева, акушер-гинеколог:
Көбіне патологиясы болғасын келеді. Дамымай қалған жүктілікпен келетіндер бар. Өздігінен келетіндер көп. Айтатын себебі жүктілікке дайын емеспін. 

Аборттан кейінгі асқынудың қаупі жоғары. Салдарынан бала көтере алмай қалғандардың саны артқан. Үштіктен бірақ шығарған сайттың мәліметінше Қазақстандағы 1000 әйелдің 35-і баласын алдыртады. Ал денсаулық сақтау министрлігі мұның жансақ ақпарат деп отыр.

Шәкизат Жақсымбетовна, ҚР ДСМ ана денсаулығын сақтау басқармасының жетекшісі:
Ондағы көрсетілген көрсеткіштер - 2004 жылғы ақпарат, ақпарат жалған емес. Бірақ қазіргі көріністі көрсетпейді.  2016-дан есептесек 17,9 17,8 2020 жылы 15,5. Ол 1000 адамға шаққанда. Көрсеткіш жылдан жылға төмендеп отырғанын көруге болады.

 Яғни, өткен жылы жүкті болған 1000 адамның 15-і түсік жасатқан. Оның үстіне статистика тек мемлекеттік мекемелерде жүргізіледі. Жеке емханалар ақпаратты ашық жарияламайды. Тіркелмеген деректердің қанша екені беймәлім.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Түсік жасатқандардың бірі денсаулығына байланысты осы қадамға барса, енді бірі өздігінен барады. Сол өздігінен баратындардың басым бөлігі жас қыздар. Мәселен, тек былтырдың өзінде 1122 бойжеткен баласын алдыртқан. Алаңдарлық мәселе әрине.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу