Коронавирусты жеңген әжелер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирусты жеңген әжелер

14.04.2021

Коронавирусты жеңген әжелер. Жасының егде тартқанына қарамастан өмір үшін күрескен апалардың бірі жүзден асса, екіншісі биыл 92-ге келді. Былтыр ауруханаға қос өкпесі қабынып, ес-түссіз барған олар бүгінде ұрпақтарының ортасында сау-саламат ғұмыр кешіп жатыр. 

Моншақ әже күніне қақпа мен бақшаның арасына дейін өстіп 8 рет барып келеді. Соның арқасында тыныс алуы жақсарды. Аяғының ауырғаны да азайған. 92 жастағы әже былтыр өкпесінің 85 пайызы қабынып, ауруханада ем алды. Дәрігерлердің біліктілігі және дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында кейуана сырқатты жылдам жеңді.

Моншақ Кенжалиева, Қазығұрт ауданының тұрғыны:
Ақ халат киген абзал ұлдарым мен қыздарым жақсылап емдеп, бір аптада жақсы болып шықтым. Барлық дәрігерлерге алғысымды айтамын. Бақытты болсын! Істеген емдері шипа, халыққа дауа болсын. 

ТІЛШІ: Жастай жесір қалған Моншақ Кенжалиева 5 баласын жеткізу үшін өмір бойы қара жұмыс істеген. Бойында сол кездерде қалыптасқан төзімділік пен сабыр, ширақ қимыл ауруды жеңуге де көп әсер етті дейді ұлы.  

Қасымбек Кенжалиев, ұлы:
Режим сақтайды. Қысы-жазы ағарған ішеді. Ең негізгісі тағамына жөнді қарайды. Екінші өзінің туа бітті денсаулығы. Бұл кісі жастайынан еңбекке араласқан. 

Ал Қызтай әже болса былтыр 100 жасқа толған туған күнін ауруханада қарсы алды. Індет өкпе тінінің 55% зақымдаған. Оған қоса қарт кісіні асқазанындағы жарасы да мазалаған. Вирусқа қарсы кешенді емнің арқасында қарт ана сырқатынан толығымен құлан таза айығып шықты. 

Қызтай Дүйсебекова, Шымкент қаласының тұрғыны:
Дәрісін іштім, укол, система салды. Барлық ем-домын істеді. Он күн жатып, жақсы болып шықтым. Тәуірмін. Бұрынғыдай емес ауырған жерім басылды. 

Қызтай әженің қимыл қозғалы ширақ. Көзінің нұры да таймаған. Күнде кітап оқиды. 

Ғани Қалмаханов

коронавирус

Хабарламаларға жазылу