Өскемендегі балалар үйінің бас бухгалтері мемлекет қаржысын жымқырған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскемендегі балалар үйінің бас бухгалтері мемлекет қаржысын жымқырған

04.01.2019

Соның кесірінен мекеме ұжымы түгелдей жалақысыз қалды. Қазір облыстық Денсаулық сақтау басқармасы 160 адамның еңбекақысын төлеу мәселесімен айналысып жатыр. Ал, «жетім балалардың ақшасын басшылықпен бірге ұрладым» деп жар салған есепшінің ісі бойынша тергеу жүруде.

Бұл - жаңа жыл қарсаңында сәбилер үйінде өткен жиналыс. Қаржылық құйтырқы әрекеттерін төрде айтып тұрған бас бухгалтердің өзі. Кездесуді залда отырған адамдардың бірі телефонға түсіріп алған. Есепші жасаған қылмысы үшін жазасын өтеуге дайын екенін де жасырмады.

Гүлнар Даниярова, балалар үйінің директоры:

- Ешқандай сөзбен келісемін, келіспеймін деп айта алмаймын. Себебі, мен өзім құқық қорғау органына ресми түрде арыз жазғанмын бұл туралы.

Балалар үйі директорының айтуынша, бас есепші осы жиналыстан бір күн бұрын жұмыстан шығарылған. Себебін тергеу жүріп жатыр деген желеумен ашып айтпады. Бірақ, ұжымға желтоқсан айының жалақысы не үшін төленбегенін жасырмай жайып салған.

Гүлнар Тыныбаева, балалар үйінің дәрігері:

- Шотта ақша жоқ деді. Соның бәрін бас бухгалтер қайда жібергені белгісіз. Гүлнар Борнағалиқызы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысына бәрін хабарлап айттым деді. Ол кісі бірден келіп, жиналыс ашып, бізге түсініктеме берді.

Қазір Өскемендегі мамандандырылған балалар үйінде 78 сәби бар. «Қаржыға қатысты дау жетім балаларға еш зиянын тигізген жоқ», дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Марат Шоранов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Мекеме қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Тамақпен, әртүрлі құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

Балалар үйінде барлығы 160 адам жұмыс істейді. Оларға желтоқсан айы үшін жалақы қарызы 15 миллион теңге. Денсаулық сақтау басқармасы еңбекақы бойынша мәселені осы айдың соңына дейін шешеміз деп отыр.

Өскемендегі балалар үйінде болған жағдай қайталанбау үшін облыстық Денсаулық сақтау басқармасы ведомстволық мекемелердің барлығын тексеріп шықпақ. Жақын арада басқармаға қарасты 77 медициналық мекемеге аудиторлар бармақ.

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу