Қарағанды облысының Қарқаралы қаласындағы 12 отбасының үй құжаттарын ала алмай жүргеніне осымен 6-жыл. Баспана иелері пәтерлерін атына түсіре алмай әуре. Құжатты берген күннің өзінде олардың көпшілігі «Жас отбасы» бағдарламасына ендігі ілікпейді. Себебі жастары асып кеткен.
Бұл үй осыдан 6 жыл бұрын тапсырылған. Алайда қоныс иелері әлі күнге пәтер құжатына қол жеткізе алмай жүр.
Пәтерлер 12 отбасына «Жас отбасы» бағдарламасы бойынша берілген. Әу баста құжаты дұрыс рәсімделгенде, несиені ендігі төлеп бітетін едік, - дейді тұрғындар.
Аяжан Госманян, Қарқаралы қаласының тұрғыны:
Біз «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» барған кезде алғашқы жарнасын төледік. Сол бойынша бізге беру керек еді. Ондай болған жоқ, күтіп жүрміз неше жыл болды. Бізде түк құжат жоқ. Біз свет, жылуды жеке куәлікпен барып, әр тұрғын келісімшарқаотырды, солай төлеп жатырмыз.
Бұл үй 2014 жылы тапсырылуы тиіс болған. Алайда қарағандылық мердігер құрылысты аяқтамай кетіп қалған. Әкімшілік соған қарамастан пәтерлерді мұқтаж жандарға үлестіріп жіберген. Енді құжатын бере алмай отыр. 2018 жылы құрылыс компаниясы үстінен арызданып, сотта жеңіп шыққан. Бірақ мердігер шешімді орындауға асығар емес.
Жасұлан Сыздықов, қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:
Талап-арыз қанағаттандырылып, шешім шыққан, мердігердің құрылыс жұмыстарын аяқтап, тапсыру жөнінде. Бірақ қазіргі уақытта ешқандай жұмыстар жүргізілген жоқ. Сот орындаушысына құжаттар берілді. Бірақ сот орындау қағазы ешқандай қозғалыссыз.
«Жас отбасы» бағдарламасы бойынша пәтерлер 29 жасқа дейінгі азаматтарға беріледі. Ал мұнда тұрып жатқандардың көпшілігі 6 жылда ол жастан асып кеткен. Бүгінде үйдің сапасы да сыр бере бастады,-дейді тұрғындар. Қабырғасы көгеріп, жертөлесі суға толып кеткен.
Руслан Нұрланұлы