Биыл 836 ауыл әкімі ауысады. Өйткені, олардың қызметтік өкілеттігі аяқталады. Ал, орнына келетіндерді бұрынғыдай мәслихат емес, халық сайлайды. Бұған 4,8 млрд теңге қаралып отыр. Саяси науқан кезең-кезеңмен өтеді. Ұлттық экономика министрлігі осыған қатысты заң жобасын таныстырды. Әкім лауазымына өзін-өзі ұсынуға болады. Ол үшін сайлаушылардың кемінде 1 пайызы, яғни 70 адам дауыс беруі тиіс. Екіншісі, саяси партиялар атынан да түсе алады. Кандидаттардың жасы 25-тен кем болмауы керек. Осы екі жағдайда да үміткер болмаса, онда аудан әкіміне ұсынуға мүмкіндік жасалады. Жалпы, сайлауға дейінгі науқанға 40 күн беріледі. Бірақ, оның 8 күні ғана үгіт-насихатқа арналған. Сарапшылар бұл тым қысқа уақыт,-деп отыр. Сондықтан қол жинау, тіркеуден бас тарту сияқты шаралар мерзімін қысқартып, соны агитацияға қосуды ұсынды.
Қанат Мусин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бұл әр кімнің саяси өмірге араласуына, мемлекеттік басқаруға қатысуына мүмкіндік береді. Оның үстіне ауыл әкімдері корпусы үлкен. 2 мыңның үстінде әкім қызмет етеді. Сондықтан биылдан бастап 2025 жылға дейін селолық округ әкімдері жаңа талапқа сай сайлануы тиіс.
Сондай-ақ депутаттар талаптың кейбір тұстарымен келіспейтінін айтты. Мәселен, үміткер мемлекеттік қызметте кемі 1 жыл немесе басқа орында 2 жыл жетекшілік лауазымда болуы тиіс деген тәртіп қисынға келмейді деп санайды. Ал, ең бастысы кандидат жергілікті жерді жақсы танып, проблемасын жіті білгені абзал.
Нысаналы Ығыл