Астанадағы Қазақ ғылыми-зерттеу институтының аймағында өрт болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанадағы Қазақ ғылыми-зерттеу институтының аймағында өрт болды

03.01.2019

Кеше Астанадағы Қазақ ғылыми-зерттеу институтының аймағында өрт болып, артынан газы бар резервуар жарылған. Соның салдарынан жақын маңда орналасқан жатақхана ғимаратына біршама залал келген.

Бұл – жарылыс болған сәттен көрініс. Өрт шыққан ғимаратта газ резервуары орналасыпты.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

- Жарылыстың қатты болғаны соншалық, өрттің дүмпуі мұндағы ғимаратқа әсер еткен. 4 қабатты жатақхананың терезелері жарылып, опырылыпты. Екі ғимаратттың арақашықтығы шамамен 1 шақырымдай жер.   

Алаңсыз отырған жатақхана тұрғындары оқыстан шыққан қатты дауыс пен тарсыл-гүрсілден жаппай шошып қалған. Дереу сыртқа шығып, аязды түнде бірнеше сағат далада жүріпті. Терезелері қирап, бөлмелері азынап кеткен тұрғындар әзірше туыстары мен жақындарын паналап жатыр.

Әсем Қадринова, жатақхана тұрғыны:

- Біз үйдің ішінде жүргенбіз, жер сілкінгендей болды. Шынылар үйдің ішіне кіріп, қабырға, есіктеріміз майысып, бәріміз далаға атып шықтық.

Өрттің шығу себебі әзірге белгісіз. Белгілісі өрт шыққан ғимаратта 25 газ балоны болған. Абырой болғанда, өрт сөндірушілер оларды шұғыл сыртқа шығарып үлгеріпті.

Аягөз Фазылова, Астана қаласының ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Біздің өрт сөндірушілер өздерінің өмірлеріне қауіп төнгеніне қарамастан, газ сақтау қоймасынан 25 газ балонын қауіпсіз жерге алып шықты. Бұл үлкен қайғылы оқиғаның алдын алу деп айтсақ та болады.

Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. Ал, қауіпті газ резервуары неге институттың аумағында орналасқаны белгісіз, олардың кәсібіне рұқсат берілген-берілмегені жайында ресми рұқсаттың бар-жоғы да әзірге беймәлім.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу