ШҚО-да тұрғындар екі ірі гидроэлектр станцияның инвесторға сатылуына қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да тұрғындар екі ірі гидроэлектр станцияның инвесторға сатылуына қарсы

12.04.2021

Шығыс Қазақстанның тұрғындары өңірдегі екі ірі гидроэлектр станциясының жекенің қолына сатылуына үзілді-кесілді қарсы. Өскемен және Шүлбі ГЭС-і өткен жылдың соңында жекешелендіруге жататын республикалық меншіктегі ірі ұйымдар тізіміне кірді. Бірақ аймақтағы экологтар мен қоғам белсенділері стратегиялық маңызы бар нысандар мемлекет қарамағында қалуы тиіс деп отыр.

Екі ГЭС-тің жекенің қарамағына өтуіне қарсы петицияға 7 мың адам қол қойды. Президентке ашық хат та жолданды. Онда гидротехникалық нысандарды жеке меншікке берудің немен аяқталуы мүмкін екені егжей-тегжейлі жазылған. Тіпті Алматы облысының Қызылағаш ауылындағы жағдай мысал ретінде келтірілген.

Денис Данилевский,  қоғам белсендісі:
Кез келген жеке бизнестің басты мақсаты – пайда табу. Сондықтан олар кейбір жерде ақшаны үнемдегісі келеді. Қауіпсіздік шаралары мен басқа да шаруаға келгенде солай істесе? Құдай сақтасын, бірақ Өскемен ГЭС-інде апат болса? Онда біздің бүкіл қаланы су шайып кетеді деуге болады.

Аймақтағы қоғам белсенділері де алаңдаулы. Экологиялық апат болуы мүмкін деген үрей де жоқ емес.

Елена Березинская, экологиялық бастамалар қауымдастығы филиалының жетекшісі:
ГЭС-ді жеке қолға беруге болмайды. Себебі олардың жұмысын қадағалау механизмі, бақылау жасау жүйесі жасалмаған. Соның бәрі дайын еместігіне қарамастан жекеге бермекші. Мұның арты экологиялық апатқа да әкелуі мүмкін деп алаңдаймыз.

Стратегиялық нысандардың жеке меншікке сатылуына қарапайым тұрғындар да қарсы. Қауіпсіздікпен қатар ел-жұртты электр энергиясының болашақтағы бағасы толғандырады.

Өскемен гидроэлектр станциясы 70 жыл бұрын салынған. Қазір толықтай мемлекетке тиесілі. «Нысанның иесі өзгерген күнде де тұрғындарға алаңдауға негіз жоқ» дейді кәсіпорын өкілі.

Светлана Нищенко, «АЭС Өскемен ГЭС» ЖШС қоғаммен байланыс бойынша маманы:
Энергетикалық нысан кімнің меншігінде болса да, энергонарықтың ережелері бойынша жұмыс істеуге міндетті. Бұдан бөлек, мұндай нысандардың жұмысын қадағалайтын органдар бар. Біздің тоған өз салмағының арқасында тұр. Бүкіл тоғанның, машина залы мен оның ішіндегі қондырғылардың жалпы салмағы 1 миллион 700 тоннадан астам. Сондықтан, оның бұзылуы мүмкін емес.

Шығыстағы қоғам белсенділері стратегиялық нысандарды қазіргідей мемлекет иелігінде қалдыруға бекінген. Бірақ, жоспар бойынша келесі айдың басында гидроэлектр станциялары жеке инвесторға сатыла бастайды. Бағасы әзірге белгісіз.

Берік Көшербай


Хабарламаларға жазылу