Атырауда 22 жастағы қыз лифт шахтасына құлап кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда 22 жастағы қыз лифт шахтасына құлап кетті

24.12.2018

Атырау қаласында  9 қабатты тұрғын үйде бойжеткен жеделсаты шахтасына құлап кетті. Төтенше жағдай кезінде лифт ішінде 4 адам болған. Жеделсаты бесінші және алтыншы қабатқа келгенде апаттық жағдайда тоқтап қалған. Бойжеткен құтқарушыларға хабарласудың орнына, өз еркімен шықпақ болып, лифт шахтасына түсіп кеткен. Зардап шеккен қыз дереу облыстық аурухананың травматология бөлімшесіне жеткізілді. Қазір жағдайы тұрақты. Мамандардың көмегімен лифт ішіндегі қалған адамдар дереу құтқарылды. Биыл мамыр айында 2 жеткіншек істен шыққан жүк тасымалдаушы лифтің шахтасына құлап, жан тапсырған болатын. Бүгінде қаладағы көпқабатты үйлерде 301 жеделсаты бар. Олардың 30-ы терможаңғырту бағдарламасы бойынша жөндеуден өтуде. 

Қайрат Хабиев, қалалық Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

- Арнайы мекемелер тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр деп ойлаймын. Негізі лифтіде апаттық тоқтаулар болады. Маманның айтуы бойынша, есікке зақым келген.

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу