ШҚО-дағы Новопокровка ауылын су басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-дағы Новопокровка ауылын су басты

12.04.2021

Шығыс Қазақстандағы Бородулиха ауданы Новопокровка ауылын су басты. Еріген қар суы ауылдың бірнеше көшесін алып кеткен. Ауларарға жайылып, үйлердің ішіне дейін кірген. Абырой қылғанда адамдар аман. Құтқарушылар халықты қауіпсіз жерге көшіріп, көмек көрсетті. Ауылдағы қазіргі ахуал жайлы Ержан Жақып баяндайды.

Ауылға су жұма күні, түс ауа лап қойған. Еріген қар суының екпіні тым қатты болған. 60 жылдан астам уақыт бойы жергілікті халық мұндай апатты көрген емеспіз-дейді. Абырой қылғанда құтқарушылар дер кезінде келіп, көмек көрсеткен.

Ержан Жақып, тілші: 
Еріген қар суы осылай жолды жағлап, көзді ашып-жұмғанша, ауылдың ішімен тасып өте шыққан. Жағдайды ушықтырмас үшін, құтқарушылар тас жолды былай жырып, судың арнасын қазір далаға қарай бұрып жатыр.  

Қазір судың ағына азайып, беті қайтқан. Бірақ бірқатар үйлердің ішіне кірген. Бақытжан Қамажанованың үйі қазір жарамсыз. Саманнан салынған қабырғалар езіліп, жарылып жатыр. Дүние-мүлік түгел су болған.  

Бақытжан Қамажанова, Новопокровка ауылының тұрғыны:
Телевизор ғана аман. Қалғаны бәрі суда. Жағдай жоқ тұратын. Өздеріңіз көріп жатырсыздар.

Бейбіт Дүйсекеновтың де баспанасын су алып кеткен. Ағаш үй болғандықтан ғана, аман тұр-дейді. Қора-қопсы судың астында қалғандықтан жас туған жалғыз сиырын үйіне қамап ұстап отыр. 

Бейбіт Дүйсекенов Новопокровка ауылының тұрғыны:
Түнімен ұйықтаған жоқпыз. Су басты да кетті. Бүкіл үйдің ішіне кірді. Қораның бәрі су. Малды, міне, мына жерге әкеліп байладық. 

Құтқарушылар қазір қауіп жоқ дейді. Дегенмен, далада еритін қар әлі мол. Сондықтан бөгеттер тұрғызылып жатыр. 

Арман Мұқанов, жедел әрекет ету тобының жетекшісі:
Ауыл әкімшілігі, құтқарушылар бірлесіп, жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Бастысы адамдар аман. Эвакуациялық пункттер дайын тұр. 

Қазір жергілікті әкімшілік өкілдері, төтенше жағдайлар қызметінің мамандарымен бірлесіп үйлерді аралап, зардап шеккен халықтың жағдайымен танысып жүр. Қанша үй апатты екендігі анықталып, шығын мөлшері есептелуде.

Ержан Жақып

су басты

Хабарламаларға жазылу