Ақтөбеде науқасқа қол көтерген дәрігер жұмысынан кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде науқасқа қол көтерген дәрігер жұмысынан кетті

19.12.2018

Дәрігердің шапағатын көрем деп барып, шапалағын жеді. Ақтөбеде науқасқа қол көтерген дәрігер жұмысынан кетіп тынды. Жәбірленушінің айтуынша, облыстық жедел жәрдем ауруханасының қызметкері «Саған психиатр шақырамыз» деп, оны келеке еткен. Бұған шыдамаған тұрғын ақ халаттының жүгенсіздігін бейнекамераға түсіріп алған. Қазір бұл бейнежазба әлеуметтік желіде көпшіліктің қызу талқысына түсіп жатыр.

Оқиға осыдан 4 күн бұрын болған. Ем іздеп барып, таяқ жегенін айтқан тұрғын дәрігердің әрекетін амалсыздан бейнекамераға түсірдім дейді. Мына көріністен ақ халаттының алдымен ұрысып, артынша науқастың қасына келіп, ұрып жібергенін көруге болады. Дәрігердің емделушіге қатысты дөрекелік танытқанын аурухана басшылығы да мойындап отыр.

Сәкен Қапанов, облыстық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері:

- Бұрын да осы ауруханаға келіп, емделген. Неврология бөлімшесінде. Емін алып кеткен. Бірақ, қандай жағдай болса да, дәрігердің науқас, аурулармен ұрысып-керісуіне болмайды.

Эпилепсияға шалдыққан Эльмира Жетпісбаева сол күні өзінің аумақтық емханасына барған. Учаскелік дәрігері екпе салып, облыстық жедел жәрдем ауруханасына жіберген. Алайда, неврология бөлімінің қызметкері науқасқа оң қабақ танытпаған.

Эльмира Жетпісбаева, қала тұрғыны:

- «Жазып берген дәріні сіз салған жоқсыз», дедім. Соған ашуланып кетті-ау деймін, келді де, екі беттен ұрды. «Соткасын алыңдар да, видеоны өшіріңдер», - деді. Мен телефонды бұғаттап тастадым. Оны аша алмайды. Қолына ұстады да, ұялы телефонымды сындырып алды.

Эльмираның емделіп жүргеніне бір жылдан асқан. Дәрігерлердің айтуынша, ол ем-домды уақытылы алып отырады.

Виталий Брагин, учаскелік дәрігер:

- Науқасқа бір жылдан бері қажетті ем-домды жасап келеміз. Біздің науқастың диагнозы – криптогенді эпилепсия. Ол бізден кеткенде дел-сал күйде болды. Өйткені, талманың белгілері солай. Бұған дейін талмасы ұстамаған.

Облыстық жедел жәрдем ауруханасының басшылығы науқасқа қол көтерген дәрігердің бүгін өз еркімен жұмыстан шығуға арыз бергенін айтты. Оның ауруханада жұмыс істегеніне бір жылдан енді ғана асқан. Ал, жәбірленген тұрғын дәрігердің үстінен ешқайда шағым жасамайтынын айтып отыр.

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу