«QazVac» cәуірдің соңында егіле бастайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«QazVac» cәуірдің соңында егіле бастайды

09.04.2021

Осы «QazVac» -ты медициналық мақсатта қолдануға жіберу үшін ғылыми сынақтардың үшінші кезеңі аяқталуға жақын. Екпенің ай сайынғы көлемін 500 мың дозаға жеткізу жоспарланған. Отандық өнімнің тиімділігі неде? Қауіпсіздігін дәлелдеу үшін қандай зерттеулер жүргізілді? Тілшіміз Жазира Оразқызы алғашқы вакцинаны көріп, ғалымдармен сұхбаттасып келді. 

Жазира Оразқызы, тілші: 
Ковид-19-ға қарсы алғашқы отандық  «QazCovid-in» вакцинасы бұл. Ең озық технология негізінде жасалды. Мына бір құтыдағы барлық компонент егжей-тегжейлі зерттелген. Бастысы, қауіпсіз саналады.

Отандық вакцинаны шығарған Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты - тәулік бойы күзетілетін маңызды нысан. Ғалымдар бұл жерде Covid-19-дың штамын алғаннан кейін 1,5 ай ішінде «QazCovid-in»вакцинасын әзірлеп шықты.

Леспек Күтімбетов, ҚР БҒМ биологиялық қауіпсіздік мәселелері ҒЗИ зертхана меңгерушісі:
Мынаның ішінде жарты миллилитр вакцина. Қолданар алдында шайқап, бір текке келтіріледі. Шприцке алып, иыққа салынады. 21 күннен кейін екінші құтыны алып, екінші рет егесіз.

Бұл - жыл бойы тынымсыз еңбек еткен ғалымдардың ғаламат жемісі. «QazVac» жоқ жерден жасалған жоқ. Талай жылғы нәтижелер екшелді.

Жазира Оразқызы, тілші: 
Сақтық шараларын ұстану мақсатында осындай қорғаныш киімдерінде жүрміз. Бұл - ҒЗИ кезекті маңызды нысандарының бірі. Бұл жерде Ковид-19 вирусының сынамалары жануарларға жүргізілген. Қауіпті аймақ саналғандықтан, кіруге рұқсат жоқ.

Айнұр Нұрпейісова - коронавирусты жануарға жұқтырған алғашқы қазақ ғалымы. Отандық вакцинаның клиникаға дейінгі сынағын да сәтті өткізген.

 Айнұр Нұрпейісова, ҚР БҒМ биологиялық қауіпсіздік мәселелері ҒЗИ зертхана меңгерушісі: 
Бірінші вакцина ақ тышқандар мен егеуқұйрықтарға егілгеннен кейін бірінші үш күнде жануарлардың қалыптан тыс салмақтарының азайғандығын байқадық. 14 күннің ішінде жаңағы жануарлардың жағдайы жақсарып, тамақтарын да, суын қалыпты жағдайда қабылдап, вакцинаның қауіпсіздігін дәлелдедік.

Екінші фазада клиникалық зерттеулер 96 процент тиімділікті көрсеткен. Ал соңғы шешуші кезең 15 сәуірде аяқталады. Сынақ сәтті болса, отандық вакцинаның алғашқы 50 мың дозасы қолданысқа жіберіледі.

Күнсұлу Закария, ҚР БҒМ биологиялық қауіпсіздік мәселелері ҒЗИ бас директоры: 
Келесі айларда көлемін көбейтіп, 500 мың дозаға жеткізу жоспарлаудамыз. Жалпы көлемі - 2 млн доза. Тиімділігі жағынан «QazCovid-in» ешқандай кем емес.

Ғалымдардың сөзінше, бір уақытта бес платформада вакцина жасалған. Ішінен барынша тиімдісі таңдап алынған. Бұл - әлемдегі ең мыңты деген бірде-бір институтта болмаған тәжірибе. Сондықтан «QazVac» -тың сынағы сәтті аяқталса, сәуірдің соңында кез келген адам отандық екпені салдыра алады.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу