Ақтөбедегі дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың оқушылары төбелесіп, бір оқушы пышаққа түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбедегі дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың оқушылары төбелесіп, бір оқушы пышаққа түсті

13.12.2018

Жүзден жүйрік жасөспірімдердің жүгенсіздігі. Ақтөбедегі дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың жоғары сынып оқушылары төбелескен. Салдарының олардың бірі пышақ жарақатымен ауруханаға түсті. Оқиғаның мән-жайын әріптесім Жақсыбек Кемал баяндасын.

Оқиға өткен сенбі күні болған. Оныншы «А» мен оныншы «Ә» сыныбының оқушылары өзара жанжалдасқан. Интернатта жатып оқитын ауылдың баласы қаладағы үйінен қатынап оқитын қатарласының кеуде тұсын жарақаттаған. Мектеп басшылығы екі баланың да ата-анасымен сөйлескен. Олар оқуда озат, тәртібі үлгілі балаларының мұндай әрекетке барғанына  сене алар емес.

Гүлнәр Тәжіғалиева, мектеп-интернат директоры:

«Балағаттау сөз айтты, соны көтере алмадым, ондай кикілжіңнің басы жаңағыдай жағдайға айналып кетеді деп ойлаған жоқпын», дейді. Қазір ата-анасының қасында.

Жарақаттанған оқушы жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оған шұғыл операция жасаған.  Абырой болғанда, пышақ кеудеге 5-6 сантиметрдей кіргенмен, қиғаш кетіп, жүрекке тимеген.

Сағидолла Досмағанбетов, облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

Бір бала пышақ салған. Түскен кезде жағдайы орташа мен ауырдың арасында болды. Сол жақ кеудесін соққан, ол жүрекке жақын болғасын жасадық. Жарасы  кеуде тұсында.

Бұл оқиға полицейлердің де назарында. Дегенмен, баспасөз қызметі әзірге нақты ақпарат  таратпай отыр.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Жарақат алған бала қазір облыстық балалар ауруханасында жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын орташа деп бағалауда. Егер барлығы дұрыс болса, оқушы келесі аптада ғана үйіне жіберілуі мүмкін.

Жақсыбек КЕМАЛ

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу