Бас мүфти карантин кезінде ораза ұстау, ауызашар жасау тәртібін айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бас мүфти карантин кезінде ораза ұстау, ауызашар жасау тәртібін айтты

08.04.2021

Бас мүфти 60 жастан асқан кісілерге дәрігердің кеңесімен, толық тексерілуден кейін ғана ауыз бекітуге, егде және балиғат жасындағыларға мешітке бармай, үйде құлшылық етуге кеңес берді. Бес уақыт намаз, жұма намазы, тарауық намазы мен ауызашар өткізудің тәртібі 3 аймаққа бөлініп отыр. 

«Жасыл» аймақтағы өңірлердің мешіттерінде санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, бір адамға 4 шаршы метр қашықтық сақталған және толтырылуы 30%-дан аспаған жағдайда бес уақыт намаз, жұма намазы, тарауық намазын оқуға рұқсат етіледі.  Ауа райы қолайлы аймақтарда тарауық намазы мешіт ауласында өткізілуі тиіс. Ал ауызашар 50 адамнан аспаған жағдайда ұйымдастырылады. «Сары» аймақтарда да осы талаптар сақталады, тек ауызашар өткізу «Ораза қоржыны» арқылы ұйымдастырылады. Яғни ауызашарға жиналуға рұқсат берілмейді. Қоржын толтырып, жеткізіп беру қызметін пайдалануға болады. Ал мұқтаж жандарға еріктілер мен мешіт қызметкерлері жеткізеді. «Қызыл» аймақта бес уақыт намазды тек жекелеген түрде оқуға рұқсат етіледі. Тарауық намазы оқылмайды, ауызашар ұйымдастырылмайды. Құран-қатым түсіру барлық аймақтарда қашықтықтан оқылады. Және бұл талаптар жергілікті бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес өзгеріп отырады.

Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти:
«Халық арна» телеарнасы мен Instagram, YouTube парақшаларында «Берекелі Рамазан» рухани марафоны, 30 күннің берекесі, «Рамазанның кешінде» атты телебағдарламалар ұйымдастырамыз. «Халық арнада», Ұлттық арнада күнделікті тікелей эфир арқылы сұрақтарға жауап беріп отырамыз.

Биыл Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 30 күнге созылады. 13 мамыр – Ораза айтпен жалғасады. 8 мамырдан - 9 мамырға қараған түн – Қадір түні. Ал пітір-садақа мөлшері жан басына шаққанда 420 теңге. Пітір-садақа беру былтырғыдай онлайн түрде жүзеге асады. Сондай-ақ, бас мүфти вакцина бұлшықетке салынатындықтан оразаны бұзбайтынын ескертті. Сондықтан екпе алған адам өзін жақсы сезінсе, ауыз бекітуді жалғастыра беруіне болады.

Ақниет Балтанова

Хабарламаларға жазылу