12 сәуірден бастап әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекасы іске қосылады. Бұл туралы «Отбасы банкінің» баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа бағдарлама несиені 15% бастапқы жарнамен немесе депозитке салым салмай-ақ рәсімдеуге мүмкіндік береді.
«Бағдарлама бойынша несие мөлшерлемесі 12% және алдағы уақытта, яғни тұрғын үй заемына аусқан кезде несие мөлшерлемесі 3,5%-ға дейін төмендейтін болады. Бағдарлама бойынша тұрғын үйдің ең жоғарғы құны – 30 млн теңгеге дейін. Бағдарламаға қатысу үшін отбасының жалпы табысы 320 мың теңгеден аспауы тиіс», - делінген хабарламада.
«Ұмай» әйелдер ипотекасы бойынша қаражатты тұрғын үйді алғашқы немесе қайталама нарықтан сатып алуға да, жылжымайтын мүлікті жөндеуге де пайдалануға болады.
Жөндеу жұмыстарына 3 700 000 теңгеге дейін алуға болады. Шарт бойынша клиент жөндеу жүргізілетін тұрғын үйдің меншік иесі немесе бірнеше меншіктерінің бірі болуы тиіс. Несие рәсімдеушінің атында баспана бар-жоғы тексерілмейді.
Егер клиенттің табысы жеткіліксіз болса онда кез келген 1 немесе 2 адамды қоса қарыз алушы ретінде шақыруына болады. Ал несиенің ең ұзақ мерзімі – 25 жыл.