Батыс Қазақстанда түнде жүруге шектеу қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда түнде жүруге шектеу қойылды

07.04.2021

Бүгіннен бастап Қарағанды облысы «қызыл»  аймаққа ауысты. Өңірде соңғы екі аптада індет жұқтырғандар күрт көбейген. Батыс Қазақстан облысында да шектеу шаралары күшейтіледі. Атырау өңірінде де жағдай мәз емес. 

Қарағанды облысында соңғы тәулікте 144 адам COVID-19 жұқтырған. Жалпы екі апта ішінде індетке шалдыққандар саны күрт көбейген. Кеншілер қаласының өзінде тәулігіне 90 адамнан вирус анықталып жатыр. Ауылдық жерлерде де жағдайдың ушығуы байқалады. Мәселен, Алғабас ауылында 34 адам науқастанған. Қазір елді мекенге санитарлық бекеттер қойылып, шектеулер күшейтілді. Жалпы өңір «қызыл»  аймаққа өткенімен әлеуметтік-экономикалық нысандардың қызметіне шектеу ахуал 5 күн ішінде нашарлай түссе ғана күшейтіледі.

Батыс Қазақстанда түнгі мезгілде бейсауыт жүруге болмайды. Өңірде түнгі сағат 12-ден таңғы 6-ға дейін көлік қозғалысына шектеу қойылды. Арнайы мамандарға ғана рұқсат. Ал егер қауырт шаруа шығып қалса, 109 нөміріне қоңырау шалып немесе stopkovid.kz сайтында өтініш қалдыру керек. Сондай-ақ, сауда орындары жексенбі күні жұмыс істемейді. Сенбіде ашық. Қаулы 9 сәуірден бастап күшіне енеді. 

Атырау облысында вирусқа шалдыққандар күрт артты. Өткен бір тәуліктің өзінде 102 адамнан індет анықталды. Қауіпті инфекцияны жұқтырғандардың жартысынан көбі қаладан тіркелді. Қазір модульді ауруханада 178, ал үйде 500-дей тұрғын емделіп жатыр. Сәйкесінше шектеу шаралары да қатаңдатылды. Көпшілікті жинап, ауызашар өткізуге тыйым салынды. Сондай-ақ, жексенбі күні қоғамдық тамақтану орындары жұмыс істемейді.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу