Нұр-Сұлтанда 869 млн теңгені ысырап қылған шенеунік тергеліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтанда 869 млн теңгені ысырап қылған шенеунік тергеліп жатыр

07.04.2021

Бюджеттің 869 млн теңгесін ысырап қылған шенеунікке қатысты іс қозғалды. Нұр-Сұлтан қаласы білім бөлімі басшысының орынбасары Дулат Шоғанбай күдікті ретінде тергеу сұрақтарына жауап беріп жатқанын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов растады. Бұған дейін желіде Дулат Шоғанбайдың істі болғаны туралы ақпарат шыққан. Әрі дәл осы білім саласында бюджет қаржысын талан-таражға салған тағы бес аймақ анықталып отыр.

Олжас Бектенов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары:
Осы жерде Нұр-Сұлтан қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары жабдық сатып алу кезінде заңбұзушылыққа жол бергенін растай аламын. Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу тіркелді. Бағаны заңсыз шарықтатып жіберген. Тиісті сараптамалық қорытынды бар. 

Бұдан былай сыбайлас жемқорлық бабы бойынша сотталған азаматтарды жұмысқа қабылдауға тыйым салынды. Еңбек кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен сотталған адамдарды квазимемлекеттік сектордың кез-келген лауазымына қабылдауға толық тыйым салынды. Айта кетейік, сыбайлас жемқорлық фактілері өткен жылдың осы уақытыымен салыстарғанда 46 пайызға төмендеген.

Ғабит Бөкенбай


Хабарламаларға жазылу