Қазақстанда 65 театр жұмыс істейді, оның 52-сі мемлекеттік - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда 65 театр жұмыс істейді, оның 52-сі мемлекеттік

06.04.2021

Тәуелсіздік жылдары ауыз толтырып айтар жетістікке жетіп, алға басқан саланың бірі – мәдениет пен өнер. Нақтырақ айтсақ, театр өнері. 2006 жылы елімізде бірқатар мəдениет ұйымына «Ұлттық», 9 театрға «Академиялық» мәртебе берілді. Әрбір театр жаңа маусымда көрерменге жаңа қойылым ұсынуға тырысады. Осылайша жыл сайын театр сахналарында әр түрлі жанр мен бағытта 12 мыңға жуық спектакль қойылады.

Ақниет Балтанова, тілші:
Тәуелсіздік алған жылдары елімізде 20-дан аса театр өз жұмысын бастаған екен және олардың сегізіне жаңа ғимарат салыныпты. Соның бірі бүгін біз келіп отырған Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры. 3 қабатты кешен 800 орынға шақталып жасалған, ал алып жатқан ауданы 22 мың шаршы метр.

Бұл театр тәуелсіздікпен құрдас. Репертуарында әр түрлі жанрдағы 25 спектакль мен балаларға арналған 3 ертегі бар. Биыл осы тізімге тағы 8 қойылым қосылмақ. Талай халықаралық фестивальдердің жүлдесін иемденген іргелі ұжымда 500-ден аса маман еңбек етеді.

Ақыш Омар, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер:
Бұл театрдың труппасы өте мықты. Өйткені Жақып Омаровтан бастап осы театр құрылып, Қадір Жетпісбаев деген режиссеріміз бар, Әзірбайжан Мәмбетұлы мында келді. Сол кісілердің мектебі.

Сондай-ақ, 30 жылдық қарсаңында Елордада Жас көрермен театры бой көтерді. Былтыр шымылдығын түрген музыкалық театр 4 ай ішінде көрерменге 5 қойылым ұсынып үлгерген. Тіптен, жігерлі жастардан құралған ұжым әртістеріне әлемдік кинорежиссерлерден ұсыныс түсіпті. Ал кейбірі шетел театр сахналарында басты рөлдерді сомдап жүр.

Асхат Маемиров, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, театр режиссері:
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен ашылдық. Канн фестивалінің жеңімпазы Самал Ислямованың біздің арамызда болуы жас актерларға шығармашылық импульс береді.

Қазақстанда бүгінде 65 театр жұмыс істейді. Оның 52-сі мемлекеттік. Бұл қатарда 4 ұлттық-этникалық, 3 опера және балет, 5 балалар мен жасөспірімдер, 7 қуыршақ, 24 драма, 11 музыкалық-драма және комедия, 1 сатира мен 1 жастар театры бар.

Театр қызметкерлерін ынталандыру мақсатында елімізде «Еңлікгүл» кәсіби сыйлығы мен «Сахнагер» ұлттық театр сыйлығы табысталады. Алайда театр сыншыларының пікірінше, арнайы марапаттар қатарын әлі де арттыра түсу керек.

Асхат Маемиров, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, театр режиссері:
Әр салада осындай сыйлықтар болатын болса, бұл шығармашылық адамдарды бір жағынан материалдық қолдау, бір жағынан импульс беру. Сондықтан менің ұғымымда сыйлық болған сайын, ол бәсекелестікті талап етеді.

30 жылдық қарсаңында ұлттық театрдағы актерлердің жалақысы 50%-ға, мемлекеттік театр қызметкерлерінікі айлығы 30%-ға артты. Сондай-ақ, биыл Мұхтар Әуезов театрында гастрольдік сапарлар мен түрлі фестивальдерге қатысуды ұйымдастыруға арналған орталық жұмысын бастады. Бұл өз кезегінде театр майталмандарының әлемдік сахналарда өнер көрсетуіне жол ашады.

Ақниет Балтанова


Хабарламаларға жазылу