Алматыда сақтандыру агенттері халыққа қызмет көрсету орталығында шу шығарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда сақтандыру агенттері халыққа қызмет көрсету орталығында шу шығарды

06.04.2021

Алматыдағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында сақтандыру агенттері шу шығарды. Олар орталықтан жалға берілетін орын таппай сандалғандықтан, келушілерге онлайн қызмет көрсете бастаған. Сондықтан, күзетшілер оларды заңсыз жұмыс істеді деп айыптап, орталықтан шығармақшы болады. Алайда, сақтандыру компанияларының өкілдері қызмет заңсыз дегенмен келіспейді.

Әлеуметтік желіде кеңінен таралған бұл видеода күзетшілер бірнеше адамды мекемеден күштеп қуып шығуға әрекет жасайды. Алайда, сақтандыру агенттері ескертуге көнбей, қарсылық білдіреді.

Солардың бірі Гүлім Әбдіхалықова қала ортасындағы сауда үйіне жуырда ғана көшкен орталықтан жалға берілетін орын сұраған. Әуелде мамандар мұнда сақтандыру қызметі болмайтынын айтыпты. Есесіне қазір орталықтың қақ ортасына ірі сақтандыру компаниялары емін-еркін жайғасқанын байқауға болады. Осыған ашулы маман келушілерге кеңсесіз ақ планшет арқылы қызмет көрсетуді қолға алыпты.

Осылайша еркін жұмыс істеу үшін орын таппай жүрген 20-ға жуық адам бар. Ал орталықтағылардың сөзінше, сақтандырушыларға сауда үйінен бірнеше орын ұсынылған. Алайда бұл бутиктер қызмет алаңынан алыс болғандықтан бас тартқан көрінеді. Сондықтан, онлайнға көшкендер орталыққа клиент ретінде кіріп, халыққа қызмет көрсетушілерге кедергі келтірді, дейді мамандар.

Едіге Сәтібаев, мамандандырылған ХҚКО бас маманы:
Ешқандай құқықтары жоқ. Өйткені, өздері агент ретінде тіркелмеген. Сақтандырудан да бөлек, өздерінің заңсыз қызметтерін ұсынады. Адамның мазасын алады.  Адам саны көп болғаннан кейін ол кісілер өзінің қызметін осы жерде жүргізуге тырысады.

Карантин талаптарына сәйкес, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары алдын ала жазылу бойынша жұмыс істейді. Ал мекемеге көлік иесі және оны сатып алушы ғана өте алады. Сондықтан, кіреберіске өткізу пункттері қойылып, тексеріс күшейген.

Нұрхан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу