Қостанай қаласын су басып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай қаласын су басып жатыр

06.04.2021

Қостанайда еріген қар суы жұртшылықты әбігерге салып жатыр. Көлге айналған көшелерде көлік түгілі жаяу жүру қиындаған. Ағатын жол таппаған су ауланы басып, тіпті кейбір жеке секторда үйлердің ішіне де кіріп кеткен. Ал жаңадан салынған тұтас шағынаудан ағын судың қоршауында қалыпты. Облыс орталығындағы қазіргі ахуалды Дәуренбек Әбдібек баяндайды.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Бұл жаңадан бой көтерген «Юбилейный» шағынауданы. Мына тұрған көпқабатты үйлердің барлығы толық аралда қалған десе болады. Мына жерден жерден не көлікпен не жаяу шығу мүмкін емес. Арнайы сорғылар жұмыс істеп жатқанымен су азаяр емес, жоғары жақтан тоқтаусыз келіп жатыр.

Шағын ауданға кірген-шыққандардың бірі іргелес салынған дуалды жағалап ылаждаса, енді бірі жерге төселген ағаштардың үстінен өтіп жатыр. Оның өзінде коммуналдық мекеме жұмысшыларының көмегімен зорға жүреді. Әйтпесе екпіні қатты ағыс, көпір міндетін атқарып тұрған ағашты ағызып әкетіп, адамды да құлатуы мүмкін.

Айтжан Үкертаева, қала тұрғыны:
Мен немеремді күтіп тұрмын. Қазір қалай көтеріп өтетінімді білмеймін. Алдында бордюрмен жүрдік. Бүгін оны да басып кетті.

Су басқан шағынауданда қазір арнайы техникамен коммуналдық мекеме қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Алайда жуық арада қозғалыстың қалыпты жағдайға келетін түрі байқалмайды.

Еркебұлан Файзуллаев ,«Қостанай су» МҚК директоры:
15 техника, сорғылар жұмыс істеп тұр. Біз осында екі күннен бері тоқтаусыз жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жаңа шағынаудан ғой. Сондықтан суағаларлар салынып үлгермеген. Бірақ жуық арада бұл мәселені толық шешеміз.

Осы аудандағы жеке секторлардағы жағдай да мәз емес. Тұрағы шалшыққа айналғанын айтып шырылдаған жұрттың бейнежазбалары әлеуметтік желіні шарлап жүр. Шарасыз тұрғындар әкімдіктен көмек сұрайды. Дәл қазір қанша аула мен үйге су кіргені туралы нақты мәлімет жоқ. Коммуналдық қызмет өкілдері болса әдеттегідей қолдан келгеннің бәрін жасап, 19 шақырымнан асатын суағалардың түгел тазартылғанын айтады. Мамандар алдағы күндері ауа температурасы тағы да көтеріледі деп отыр. Сондықтан жауапты мекемелер күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшеді.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу