Қостанайды су басып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайды су басып жатыр

06.04.2021

Қостанайда еріген қар суы жұртшылықты әбігерге салып жатыр. Көлге айналған көшелерде көлік түгілі жаяу жүру қиындаған. Ағатын жол таппаған су ауланы басып, тіпті кейбір жеке секторда үйлердің ішіне де кіріп кеткен. Облыс орталығындағы қазіргі жағдайды тілшіміз Дәуренбек Әбдібек баяндайды.

Тұрағы шалшыққа айналғанын айтып шырылдаған жұрттың бейнежазбасы әлеуметтік желіні шарлап жүр. Шарасыз тұрғындар әкімдіктен көмек сұрайды. Әсіресе қаланың солтүстік батысындағы жаңадан бой көтерген шағынаудандар мен жеке секторда жағдай ушығып тұр. Бірқатар тұрғындар түні бойы көз ілмей баспанасына қарай жылжыған судың жолын бөгеген. Алайда қапы қалғандар да бар. 

Есімбек Шәріпов, Қостанай қаласының тұрғыны:
 Бір-екі минут сайын су деңгейі көтеріле береді. Шығара бердім. Бес минут демалам. Қайта шығарам. 

Дәл қазір қанша аула мен үйге су кіргені туралы нақты мәлімет жоқ. Коммуналдық қызмет өкілдері болса әдеттегідей қолдан келгеннің бәрін жасап, 19 шақырымнан асатын суағалардың түгел тазартылғанын айтады. 

Наурызбай Мусин, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
Әлеуметтік әлсіз топтарға, жалғызбасты қарттарға, мүгедектерге жәрдемдесеміз. Мүмкіндікке қарай тұрғындардың зардап шекпеуі үшін әрекет етіп жатырмыз. 

Мамандар алдағы күндері ауа температурасы тағы да көтеріледі деп отыр. Сондықтан жауапты мекемелер күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшеді.

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу