Қазақстан мен Түркия бірлесіп Қорқыт туралы телехикая түсіреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Түркия бірлесіп Қорқыт туралы телехикая түсіреді

06.04.2021

Қазақстан мен Түркия телевизия саласындағы ынтымақты тереңдетіп, бірлескен жобаларды қолға алады. Әсіресе, тарихи сериалдар түсіру мен маман даярлау бағытында тығыз қарым-қатынас жасамақ. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің Түркияға сапары барысында жасаған келіссөздері барысында белгілі болды. 

Түркі жұртына ортақ тарихи тұлға - Қорқыт ата туралы Қазақстан мен Түркия бірлескен сериал түсіруге ниетті. Қазір осыған қатысты келіссөздер жүріп жатыр. Бұл мәселе еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның түркиялық ТРТ телерадиокомпаниясының басқарма төрағасы Ибрахим Еренмен кездесуі кезінде талқыланды. Бұдан бөлек, балаларға арналған анимациялық және танымдық фильмдер жасау да жоспарда бар.  

Ибрахим Ерен, ТРТ телерадиокомпаниясының басқарма төрағасы:
Қазақстан мен Түркия - бауырлас елдер. Біз алдағы жылдары Қазақстанмен бірге ортақ жобалар жасауға мүдделіміз. Екі ел бір бірін қазіргіден де жақынырақ тануы тиіс, сондықтан бірге жұмыс істеу екі тарап үшін де маңызды. Алдағы екі жылда Қазақстанмен бірлескен бірнеше ірі жобаны жүзеге асырамыз деп сенемін.

Кейінгі жылдары тарихи сериалдар түсіруде Түркия әлемде алдыңғы қатарға шықты. Осы ретте қазақтың кең даласы мен шабандоздары соғыс көріністерін түсіру үшін таптырмас алаң. Сондықтан түрік киногерлері «Алп-Арслан» сериалындағы ат үстіндегі шайқастарды қазақ жерінде түсіруді жоспарлап отыр.

Яхия Тайып Айдениз, ТРТ сериалдар түсіру алаңының директоры:
Біз қазақ бауырларымызбен бүгінге дейін де бірлескен жобалар жасап жүрміз. Мәселен, дәстүрлі музыка бағытында «ХасCақ» тобымен, ал каскадерлік трюктерді орындауда «Номад» тобымен бірге жұмыс істедік. Алдағы уақытта басқа да бағыттарда байланысымызды арттыруды көздеп отырмыз.   

Сондай-ақ осы сапар кезінде екі ел арасында телевизия мамандарының біліктілігін арттыру мақсатында тәжірибе алмасу қажеттігі де тілге тиек болды. Бұған қатысты нақты уақыттары белгіленіп, әзірге онлайн түрде түрлі тренингтер мен сабақтар өтетін болды.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу