Түркістандағы «Керуен сарай» кешені қашан ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістандағы «Керуен сарай» кешені қашан ашылады

06.04.2021

Түркістанда жаңадан салынып жатқан нысандар көпшілікті ерекше сәулетімен таңқалдыруда. Солардың бірі - Орталық Азияда теңдесі жоқ жоба «Керуен сарай» кешені. 188 гектар аумақтағы сауда ойын орталығын келушілер қайықпен аралап, түрлі қойылымдарды тамашалай алады. 

«Керуен сарай» туристік кешені - қаладағы ең сәулетті кешен. Бұл жерле туристердің емін-еркін саяхаттауы үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда заманауи кинотеатрлар, балалар ойын алаңы мен сауда орындары бар. Орталықтың ішін отбасымен бірге қайықпен аралап, серуендеп қайтуға болады. 

Ергеш Оспанов, Қызылорда облысының тұрғыны:
Біз көрші Қызылорда облысынан келдік. Жаңақорған ауданынан. Көпшіліктен естіп жатырмыз. «Мың естігеннен, бір көрген артық» деп көруге келдік. Өте әсерлі.

Кешенде әлемде теңдесі жоқ театр ашылмақ. Алтын түсті алып жұмыртқа келбетіндегі ерекше театрда 8D форматта ертегілер еліне, қазақ халқының тарихына саяхат жасауға болады. 

Четин Пехливан, «Керуен сарай» туристік кешенінің бас менеджері:
Түркістан – тарихи шаһар. Екіншіден, мұнда барша түркі жұрты аса құрметтейтін Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі орналасқан. Сондықтан Түркістан - түркі тілдес халықтардың қасиетті мекені. Мұнда туристер де көп келеді. Біз Орталық Азияда теңдесі жоқ жобаны осы Түркістан қаласында жүзеге асыруды жөн көрдік. 

Аттар шоуы өтетін амфитеатрда да дайындық басталып кеткен. Француздың атақты кино-режиссері, каскадер Марио Люраши қолға үйретілген жылқылардың қатысуымен түрлі сахналық қойылымдар дайындауда. 

Туристік кешеннің құрылысы аяқталуға жақын. Құны 39 млрд теңге болатын алып кешеннің нақты қашан ашылатыны әзірге белгісіз.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу