Танымал адвокат Айман Омарова Ұлттық арна эфирінен кеңес береді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Танымал адвокат Айман Омарова Ұлттық арна эфирінен кеңес береді

05.04.2021
Танымал адвокат Айман Омарова Ұлттық арна эфирінен кеңес береді

9 сәуірден бастап «Qazaqstan» арнасынан азаматтардың құқықтық білімін жетілдіруді, зияткерлік әлеуетін арттыру мен жеке мүдделерін қорғауды үйрету мақсатында «Заң және біз» бағдарламасы эфирге шығады. 

«Бұған дейін Ұлттық арнаның таңғы ақпаратты-сазды «Таңшолпан» бағдарламасында 5-7 минуттық «Заң және біз» айдары болса, енді көпшілікке жеке бағдарлама ретінде жол тартпақ. Бұған көрермендер тарапынан келіп түскен хаттар мен өтініштердің көптігі себеп болып отыр. Телевизиялық жоба адамдардың құқығы мен бостандықтарын қорғауды мақсат ете отырып, қоғамдағы тәртіпбұзушылықтардың алдын алуды және қылмысқа қарсы күрестің тиімділігін арттыруды көздейді», - деп хабарлайды «Қазақстан» РТРК» АҚ Баспасөз қызметі. 

Бағдарлама жүргізушісі – танымал құқық қорғаушы Айман Омарова. Жоба барысында жүргізуші сала маманымен бірге Заңдағы өзгерістер мен жаңадан қабылданған нормативтік-құқықтық актілерді талқыға салып, олардың артықшылықтары мен ерекшеліктерін айтады. Заңдық күші бар құжаттарды көрерменге ұғынықты тілмен түсіндіреді.

Бағдарламаға әділдік іздеген кез келген адам хабарласып, сұрақ жолдай алады. Одан бөлек, қазақстандықтардың жобаға студия қонағы ретінде қатысып, жеке мәселесіне қатысты кәсіби маманнан кеңес алу мүмкіндігі бар.  

Эфир уақыты әр жұма, сағат 15:20-да. Көрермен сауалына арналған +7 778 777 7344 Whatsapp нөмірі тәулік бойы жұмыс істейді.  

Хабарламаларға жазылу