Таразда тұрғындар қорым үстінде құрылыс жүргізуге қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда тұрғындар қорым үстінде құрылыс жүргізуге қарсы

02.04.2021

Таразда Тастақ деп аталатын аудан тұрғындары сол маңдағы қорымның аумағынан бизнес нысан тұрғызылып жатыр деп назалы. Бизнесмендер бейіттерді трактормен сүріп, ол жерге құрылыс салмақшы. Жергілікті жұртшылық марқұмдардың мәңгілік мекеніне айналған аумаққа қол салу – ақылға келмейтін әрекет деп отыр. 

Кәсіпкер мен тұрғындар арасындағы даудың туындағанына біраз болды. Мәселе қорымға тиіп тұрған көлік жөндеу стансасы аумағының өзгеруінде. Тұрғындардың айтуларынша кәсіпкер қосымша құрылыс соғып, оны қоршау үшін түнделетіп келіп, жерді ауыр техникамен тегістеп тастаған.

Майқы Кеншімов,  қала тұрғыны:
Тірі адамға жер жетпесе жетпей-ақ қойсын, ата-бабаларымыз тыныш жатсын. Тіршілік жасап жатқан кезде адамның сүйегі шықса, анау-мынау шықса, неғыларсыңдар десек, кәдімгідей жинап аламыз да, адам баспайтын жерге жерлей саламыз дейді. Білмеймін бұған қандай рұқсат берілгенін.

Қорымның ең шетінде орналасқан зираттардың үстінен шұңқырлар қазылған. «Бұл кәсіпкердің қоршауға дайындаған орындары. Оны дер кезінде байқап, тоқтау салмасақ, құрылыс аяқталып қояр еді дейді тұрғындар.

Елдос Қырықбаев,  қала тұрғыны:
Моланың үстінен өзінің бизнестерін жүргізейін деп жатыр. Біз жайлап түсіндірдік, біз әруақ сыйлаған халықпыз, ондай болмайды, біз тұрған кезде салдырмаймыз.

Қалалық әкімдік өкілдері бұл жағдай ертеректе жіберілген қате шешімнің салдары дейді.

Біржан Башанов, қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:
Қорымға берілген жердің 3 сотықтайы 98 жылы Байзақ ауданы әкімдігінің шешімімен берілгені анықталды. 3 сотық жер қорымның жеріне кірген. Қазіргі таңда тұрғындардың наразылығы назарға алынып, ол берілген жер басқа жерге ауыстырып беру жұмыстары жүргізілуде. Ол сол қорымның шекарасына қайта алынады, қоршалынады. Ешқандай құрылыс жұмыстары жүргізілмейтін болады.

Даулы құрылыс алаңының иесімен тек телефон арқылы тілдесе алдық. Түсіндіруінше, ол аталған жерді бірнеше жыл бұрын өзге біреуден сатып алған. Жер телімінің қорым аумағына кіріп тұрғаны жайлы білмедім деп ақталды.

Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу