Ойдым-ойдымы шыққан жолдың жыры бітер емес. Ақтөбеде полицейлер көшелерді уақытында жөндемегені үшін қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімін сотқа берді. Қазір қаланың орталық көшелерінің өзімен жүру машақатқа айналған.
Жақсыбек Кемал, тілші:Бұл қаланың орталық көшелерінің бірі. Өздеріңіз көріп тұрғандай, ойдым-ойдымы шыққан жолмен көліктер әрең өтіп жатыр. Және бұл жылда қайталанатын жағдай.
Шұрық тесігі шыққан жолдан зардап шеккендердің бірі - Мейірім. Әлгінде ғана көлігінің астын соғып алды. Енді оны қалпына келтіру үшін ақшасы мен уақытын жұмсауға мәжбүр.
Мейірім Қисанов, қала тұрғыны:Жол нашар,қазір сервиске баруым керек. Жолды дұрыстау керек. Қаншама жүргізушілер шығын. Астын соғып алдым жаңа, өздеріңіз көргендей.
Қазір қала бойынша Мейірім секілді көлігін зақымдап жатқандар аз емес. Ең сорақысы, көшедегі шұңқырдың салдарынан соңғы бір айдың ішінде бес жол көлік оқиғасы тіркелген. Ал, департаменттегілер, жолды уақытында жөндемегені үшін тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімін сотқа берді. Енді жауапты мекеменің кінәсі дәлелденсе, 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін.
Еркін Өтеген, облыстық полиция департаментінің бөлім бастығы:ТҮКШ мекемесінің лауазымды тұлғаларына қатыстыәкімшілік іс қозғалып, қазіргі уақытта мамандандырылған әкімшілік сотқа жіберілді. Көптеген автокөлік иелерінен шағымдар түсуде. Онымен қатар әлеуметтік желіде өздеріңіз біліп отырсыздар. Сонымен қатар жол көлік оқиғаларына алып келген оқиғалар бар.
Ал, қала билігі жол жөндеумен айналысатын компанияларды кінәлайды. Жыл басынан бері жүктелген міндетіне атүсті қараған 3 мердігер мекемеге ескерту берілген. Арнайы технологияны сақтамаған мердігерлер құрылыс жұмыстарын екі мәрте жүргізуге мәжбүр. Мәселен, Былтыр ғана жөндеуден өткен Кірпішті елді мекеніндегі мына жолды компания қайта жөндеуі тиіс.
Асхат Шахаров, қала әкімі:Қазіргі таңда тағы да көктем басталған соң тағы көріп отырмыз. Осы компанияны қайта шақыртып, осы жұмыстарды жалғастыру үшін. Оған бюджеттен бір тиын да бөлінбейді.
Былтыр өз ісіне салғырт қараған осындай 20 мердігерге ескерту берілген. Қазір жергілікті атқарушы органдар жолдағы шұңқырлар мен ойықтарды тегістеп, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жақсыбек Кемал