Елордада медицина қызметкерлері індетке қарсы вакцина салдырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада медицина қызметкерлері індетке қарсы вакцина салдырды

02.04.2021

Елордада медицина қызметкерлеріне короновирусқа қарсы екпе салу жұмыстары ширап келеді. Бас қаладағы 5 емханада бір күнде 67 дәрігер вакцина алды. Оның 30-ы препараттың екінші компонетін салдырды. 

Жанбота Оңашқызы медицина саласында 10 жылдан бері еңбек етеді. Денсаулықтың қадірін білген жан өткен айда вирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентін салдырған. Ешқандай жанама әсері болған жоқ, - дейді дәрігер. Өзіне сенімді маман бүгін екінші кезеңдегі екпені салдырды.

Жанбота Оңашқызы, дәрігер:
12 наурыз күні бірінші дозасын алғанмын. Ешқандай шағымдарым болған жоқ. Температурам болған жоқ.  Дәрігер ретінде айтарым – індетті жеңу үшін вакцина алу керек. 

Вакцинаның екінші компоненті 21 күннен кейін салынады. Дәрігерлер бұл мерзім өтіп кетсе, екпе алуды тым созуға болмайды деп кеңес береді. Себебі, уақытылы салынған вакцина – ағзаның қорғаныш қабілетін нығайта түседі.

Анаргүл Исина, педиатр:
Қанша адамдардың осы жаман, қауіпті індетпен ауырғандарын өз көзіммен көрдім. Қаншама адамдар туыстарын жоғалтып жатыр.  Осындай вакцина пайда болғанына қуанамын. Және адамдарды осы вакцинаны алуға шақырамын. 

Вакцина алғандарды емханада дәрігер жарты сағат бақылайды. Одан кейін 3 күн телефон арқылы байланыста болады. Барлық реакция тіркеліп отырады.

Алтыншаш Табылдина, №5 емхананың директоры:
Бүгінгі күнге дейін ешқандай реакция беріп көрген жоқ. 

Вакцина алғандар туралы мәлімет бірден электрондық үкіметтің ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Онда екпе алған азамат пен бақылайтын дәрігердің аты-жөні, препарат атауы және екпені алған күн жазылады. Вакцинация төлқұжаты 3 тілде рәсімделеді.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу