Павлодардағы «Инвесторлар үйі» кәсіпкерлердің игілігіне жарамады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодардағы «Инвесторлар үйі» кәсіпкерлердің игілігіне жарамады

31.03.2021

Қаладағы ең қымбат нысанды жалға алу бизнес өкілдері үшін қып-қызыл шығын болып тұр. Кезіндегі «Казтрансойлдың» иесіз қалған ғимаратын экс-әкім Болат Бақауовтың тұсында әкімдік жекенің қолынан 2 млрд 800 млн теңгеге сатып алған. Тоғыз қабатты ғимаратты тұтасымен жалға беріп, сатып алуға кеткен бюджет қаржысын өндіріп аламақ болған жергілікті биліктің жоспары іске аспады. Пайдаға кенелмек түгілі, қазір алып нысанның шығынын өтеу мүмкін болмай тұр. 

Ғимаратты айналдыра офистерді жалға беру туралы ақпарат ілінген. Себебі, келгендерден кеткендер көп. Азамат Жаров бұл жерге кәсібінің имидждік деңгейін көтеру үшін келіпті. Бірақ аренда құнының қымбаттығынан тақырға отыра жаздадым-дейді.

Азамат Жаров, кәсіпкер:
Қазір еш тиімді емес. Бизнесіме шығын келтіріп отыр. Біздің қаладағы жалға беру құны ең қымбат ғимарат қой бұл. Басында 250 мың теңге төлеп тұрдым, қазір бір бөлмеге 140 мың шығады. Таза шығын.

Нысан мемлекетке 2 млрд 800 млн теңгеге сатылды. «Казтрансойл» компаниясының талай жыл бос тұрған ғимаратына Квазимемлекеттік кәсіпорындар кезінде мәжбүрлеп қоныстандырылды.

Болат Аманбаев, тілші:
Аумағы атшаптырым тоғыз қабатты инвесторлар үйінің жалпы ауданы 15 мың шаршы метр. Бірақ, соның 5 мың шаршысы ғана жалға беруге жарамды. Қалғаны қаңырап бос тұрады. Кезінде млрд-тарға алынған ғимарат қазір облыс әкімдігіне пайда әкелмек түгілі, керісінше жыл сайын бюджеттің бүйірін тесіп барады.

Себебі, нысанды күтіп ұстау тым қымбатқа түсіп тұр. Былтыр ғимараттың коммуналдық төлемі, қызметшілердің еңбекақысы секілді түрлі шығындарының өзі 84 млн теңге болған. Ал, жалға бергеннен түскен пайда 37 млн ғана.

 Мейрам Өтешов, «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма басшысы:
Негізі 2019 жылы осы ғимаратты коммерциялық нарықтағы бағамен әкімият сатып алған. Нарықтық баға қымбат болып шықты. Былтыр әкім берген тапсырмамен біз «Казтрансойлмен» көп жұмыс жүргіздік. 2020-шы жылы оларға облыс бюджетінен ақша төленген жоқ.

Өйткені, облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов 10 жылға бөлінген, жыл сайын өтелуге тиіс 282 млн теңге қаржыны төлемейміз-деп пәрмен берді. Ғимарат шығыны биыл да өтелмесе мәселе ушығуы мүмкін. Бюджет қаржысына салынып, кейін қитұрқы саудаға түскен ғимарат жалғыз инвесторлар үйі емес. 2019 жылы қаладағы ең ірі емхана мен диагностикалық орталық барлық құрал-жабдығымен қоса бар-жоғы 1,5 млрд теңгеге жекеге сатылып кетті. 

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу