Биыл құрғақшылықтан сақтандыру шығындарына 3,3 млрд тг субсидия қаралған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл құрғақшылықтан сақтандыру шығындарына 3,3 млрд тг субсидия қаралған

30.03.2021

Құрғақшылық алдымен диқандарға қауіпті. Себебі, өнім ойдағыдай шықпауы мүмкін. Сондықтан, қазір шаруаларды алдын ала сақтандыру шарасы басталған. Ол үшін мемлекеттен субсидия бөлінген. 

Оңтүстік өңірде егіс жұмыстары қызу жүріп жатса, солтүстік те алқапты әлі қар басып жатыр. Дегенмен, Бараев атындағы астық шаруашылығы орталығының мамандары наурыз айында зерттеу жүргізіп, биыл қардың аз жауғанын анықтаған. Орташа түсім 30-35 сантиметр.

Алдаберген Қияс, Ауыспалы егіс зертханасының меңгерушісі: 
Ол яғни әр тараптағы ылғалдың мөлшері 80-нен 120 ммге болатынын көрсетеді.  Көп жылдық норма бойынша 130-140 мм болу керек. Кейбір жылдары 150 мм-ге дейін болу керек. Өсімдіктің қиын-қыстау кезеңі маусымның аяғы мен шілденің ортасына дейін, сол уақытта болжам бойынша құрғақшылық болу қаупі бар.

Бұл әрине, диқандарды алаңдатып отыр. Ал, елімізде егінмен айналысатын 40 мыңға жуық қожалық бар. Солардың дені егер қуаңшылық болса, жыл бойғы есіл еңбек текке кете ме деп қауіптенеді.

Талғат Алғажаров, ЖШС директоры: 
Мысалы, былтыр бізде қар көп жауған. Бірақ, соның өзінде ылғал жетіспеушілігі сезілді. Біз 240 миллион теңге шығынға ұшырай жаздадық. Тек, мемлекеттік сақтандыру субсидиясын пайдалану арқасында өтемақы алып, жұмысты сақтап қалдық.

 Дәл осындай алдын ала сақтандыру биыл да жүріп жатыр. Оның шығындарын субсидиялауға бюджеттен 3,3 млрд теңге бөлінген. Яғни, сақтандыру шартының 50-пайызын мемлекет төлеп береді.

Сақтандыруға бидай, арпа, жүгері, сұлы, күнбағыс және майлы дақылдар жатады. Өтінішті Qoldau.kz сайты арқылы онлайн беруге болады. Мемлекеттік субсидияны алудың мерзімі шектеулі. 15 сәуірге дейін. Ал, топырақ ылғалының мониторингі адам факторынсыз, яғни спутниктік құрылғының көмегімен автоматты түрде есептеліп отырады.

Амангелді Сейітхан


Хабарламаларға жазылу