Алматыдағы кәсіпкерлік нысандар «Аshyq» жобасы бойынша жұмыс істей алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы кәсіпкерлік нысандар «Аshyq» жобасы бойынша жұмыс істей алады

30.03.2021

Алматыда қоғамдық тамақтану орындарының жазғы алаңдарына адам қабылдауға рұқсат етілді. Кеше кешкі уақытта қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин соңғы қаулыға бірқатар өзгеріс енгізді. Құжатқа сәйкес кей мекемелер енді карантин талаптарын сақтай отырып, жұмыс істеуге мүмкіндік алды. 

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:
Жаңа қаулыға сәйкес, қоғамдық тамақтану орындарының жазғы алаңдарындағы орындар саны 50-ден аспай, үстелдер арасында 2 метр қашықтық сақталуы тиіс. Сондай-ақ, мегаполистегі кәсіпкерлік нысандарға «Аshyq» пилоттық жобасы бойынша жұмыс істеуге рұқсат етілді. Олардың тізімі әкімдіктің сайтында жарияланған. Сондай-ақ, Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен «Қазпошта» бөлімшелері алдын ала жазылым арқылы қызмет көрсете алады. Сонымен қатар, биылғы оқу жылының соңына дейін техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдар мен жоғарғы оқу орындарының студенттері және жалпы білім беретін мектеп оқушылары қашықтан оқыту форматына көшірілді. Дегенмен, ата-аналардың өтініші бойынша 1-ші және 5-сынып аралығындағы оқушылар, халықаралық мектептерде 7-сыныпқа дейінгі оқушылар офлайн түрде білім алады. Сондай-ақ, жоғарғы сыныптар үшін де кезекші сыныптар ашуға рұқсат. Бірақ оқушылар саны 15-тен аспауы тиіс. Әзірге жаңа қаулы бойынша осындай өзгерістер бар. Құжат кешеден бастап күшіне енді. 

Хабарламаларға жазылу