Диқандар дизель отынын арзан бағаға сатып алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Диқандар дизель отынын арзан бағаға сатып алады

30.03.2021
Диқандар дизель отынын арзан бағаға сатып алады

Қазақстандық диқандарға дизель отыны нарықтағы бағадан 20 теңгеге арзанға беріледі. Бұл туралы Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтты.

«2021 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу мақсатында Энергетика министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, «2021 жылғы дала жұмыстарына дизель отынын жеткізу бойынша облыстарды мұнай өңдеу зауыттарына бекіту кестесін» әзірледі. Осы кесте ауқымында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған қажеттілік 380 мың тонна көлемінде бекітілді. Осы жылғы 29 наурыздағы жағдай бойынша аталған кестені іске асыру барысы төмендегідей: ақпан айында жоспарланған 16,6 мың тоннаның 14,8 мың тоннасы, яғни 90 пайызы; наурыз айында жоспарланған 115,7 мың тоннаның 50,3 мың тоннасы, яғни 43 пайызы тиеп-жөнелтілді. Сонымен қатар кесте бойынша сәуір айында 107 мың тонна, мамыр айында 125,4 мың тонна және маусым айында 15 мың тонна тиеп-жөнелту жоспарланған», - деді ол.

Айтуынша, ауыл шаруашылығына арналған дизель отынының құны жанар-жағармай нарығына қатысушылармен келісу бойынша анықталады және оны мұнай өнімдерінің ресурс иелері өз еркімен белгілейді.

«Министрліктің бағалауы бойынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дизель отыныны автожанармай құю станциясының бөлшек сауда бағасынан литріне 15-20 теңгеге арзанға беріледі», - деді министр.


Үкімет дизель отыны

Хабарламаларға жазылу