Ақтауда 3 жасар шұжықтан ұшынып қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда 3 жасар шұжықтан ұшынып қайтыс болды

13.11.2018

Ақтауда бір үйлі жан шұжықтан ұшынып, 3 жасар бала қайтыс болды. 4 адам ауыр жағдайда облыстық жұқпалы аурулар орталығында жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, ауру белгілері түннің бір уағында байқалғанымен, отбасы мүшелері таңғы 8-де ғана дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Жедел жәрдем келгенше 3 жастағы бүлдіршін шетінеп кеткен.   

Науқастар ауруханаға таңертең сағат 8:15-те жеткізілген. Әйелдің жағдайы ауыр болған соң жансақтау бөліміне жатқызылды. 3 балаға ем жасалып, бақылауға алынған.

Шайхмеддин Берқалиев, облыстық Жұқпалы аурулар орталығының басшысы:

- Қазір балалардың жағдайы тұрақты. Көмек көрсетілді, ем алып жатыр. Анасының жағдайы тұрақты. Есін біледі.

Ал, балалардың әкесіне мамандардың көмегі қажет болмады. Бірақ, үй иесінен оқиғаның мән-жайын білу мүмкін болмады. 

Қазір Ақтау қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары санитарлық-эпидемиологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Олар астың қалдықтарын микробиологиялық және химиялық зерттеуге берді. Нәтижесі  5 күнде белгілі болады. 

Әсима Тұрдиева, Ақтау қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Анасының сөзіне сенсек, олар оқиға болардың алдында таныстарының үйінде қонақта болған. Сол үйдің мұздатқышында шілде айынан бері тұрған жартылай ысталған шұжықты өздерімен ала қайтыпты. Оны үйіне келген соң макаронмен бірге қуырып жеген.

Дәл осындай қайғылы оқиға үш апта бұрын Ақмола облысының Щучинск қаласында тіркелді. Онда да екі жасар бала шұжықтан ұшынып көз жұмды. 

 

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу