Алматыда карантинге қарамай той өткізушілер тыйылмай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда карантинге қарамай той өткізушілер тыйылмай тұр

26.03.2021

 Алматыда күшейтілген карантин режиміне қарамастан бас санитар дәрігердің қаулысын елемейтіндер азаймай тұр. Әсіресе, тойханалар мен мейрамханалардың жабық тұрғанына қарамастан жасырын той өткізушілердің саны көп. Мәселен мониторингтік топ екі қабатты зәулім үйде құда күтіп жатқандардың үстінен түсті. Бірақ топ мүшелері біразға дейін ішке кіре алмады. Есікті ішінен жауып алғандар артқы қызметтік есіктен шығып кеткісі келген. Пәтерін жалға беріп отырған үй иесінің мұндай бас қосуларды жиі өткізіп тұрғаны белгілі болды. Себебі аспазшыдан бастап даяшыға дейін қызмет көрсетіп жүр. Барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалады.  

Жәнібек Бекежанұлы, мониторингтік топ мүшесі:
Тойға қатысушы және ұйымдастырушы адамдарға ҚР Әкімшілік кодексінің 425-ші бабы бойынша хаттама толтырылады. Айыппұл көлемі 87 мың теңге көлемінде. Әр қатысушыға жеке-жеке салынатын болады.

Еске салайық, Алматы қаласының «қызыл» аймаққа енуіне байланысты халық көп жиналатын барлық шараларға тыйым салынған. Қаланың Бас санитары шығарған қаулыға сай күшейтілген карантин режимі наурыздың 28-іне дейін жалғасады.

Хабарламаларға жазылу