Жер комиссиясының алғашқы отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жер комиссиясының алғашқы отырысы өтті

25.03.2021

Бүгін жер комиссиясының алғашқы отырысы өтті. Онлайн жиынға өңірлерден 44, орталықтан 31 адам қатысты. Басты талқылау – ауыл шаруашылығы алқаптарының игілігін халық қалай көреді деген сауалдың төңірегінде өрбіді.

Жер төңірегіндегі барлық мәселеге нүкте қоятын кезең таяп келеді. Себебі, 5 жылға созылған мороторий жыл соңында аяқталады. Осы аралықта көптің күдігі мен күмәні арпалысты. Соның ішіндегі негізгісі – жақында түбегейлі шешілді. Шетелдіктерге, азаматтығы жоқтарға, шетелдік қатысуы бар Қазақстан компанияларына, халықаралық ұйымдарға жерді жалға беруге Президент біржола тыйым салды. Тіпті, шетелдіктермен некеде тұрғандарға да берілмейді. Бірақ, шешілмеген түйткілдер де бар. Олар – ел азаматтарына жерді жеке меншікке беру және ұзақ мерзімді жалдау құқына ие болу. Дегенмен, комиссия мүшелерінің дені жер мемлекет құзырында қалу керектігін айтты.

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Ең алдымен, бұл біздің геосаяси жағдайымызға байланысты. Ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі бойынша біз әлемде алтыншы орын аламыз, ал егістіктің алқаптары бойынша жан басына шаққанда Аустралиядан кейін екінші орындамыз. Басқаша айтқанда, бізде халық тығыздығы өте төмен. Сондықтан мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, біздің жер ресурстарымыздың жеке меншікте емес, тек қана мемлекеттік меншікте болғаны маңызды.

Жердің жемісін не өзі, не өзгге жегізбей отырғандар көп. Оларға енді қатаң шара қолданылады. Яғни, ондайларға салынатын салық 10-нан 20 есеге бірақ артады. Ал ондай алқаптарды тексеру бұрынғыдай 3 емес, әр жыл сайын жүргізіледі. Себебі, малы болғанымен, жайылымы жоқ шаруалар жанайқайын жиі жеткізеді. Отырыста өрістің кеңейетіні де айтылды.

Бізде жерді жалға алғандардың ашық тізімі жоқ. Бұл үлкен проблемаға соқтыруы мүмкін. Бүгіннің өзінде жерді пайдаланушылар азаматтығын ауыстырып, шетел асып жатыр.

Жигули Дайрабаев, Қазақстан фермерлер қауымдастығының төрағасы:
Өкінішке қарай, фактілер бар, жақын арада тиісті материалдарды комиссия назарына ұсынамыз. Шетел азаматтығын алып жатқандар қолда бар мыңдаған гектар жер телімдерін банкке кепілге қойып, қыруар ақша алып, кейін қайтара алмай, шетелге қашып кетпеуіне кім кепіл? Заң кері күшіне ие бола алмайды деген кертартпалықты қойып, тиісті механизмдерді қарастырған абзал.

Ал жер саласының заңгері алқапты банкке кепілге қоюға түбегейлі қарсы.

Базарбек Бақытжан, жер саласының заңгері:
Жерді банкке кепілге қоюға тыйым салу.

Әкімдер үшін жер оңай олжаға айналды. Өйткені, жерді бөлетін де, беретін де солар. Салдарынан, ауылшаруашылығы жерлерін құйтырқы жолмен жекеге өткізу деректері жиілеген. Құжатқа саяжай немесе бау-бақша деп көрсете салады. Сарапшылар мәселені реттеу жолын ұсынды.

Мұхтар Тайжан, қоғам қайраткері:
Жер комитетінің күші әлсіз екенін, өйткені жергілікті жер инспекторлары әкімдерге қарайтынын айтты. Әкімдер бір қолмен жерді бөледі де, екіншіден, оны өзі бақылап отырады. Қоғам қайраткерінің айтуынша, жер инспекторлары, яғни бақылау функциялары тиісті құрылымның қарамағында болуы керек. Бұл құрылымды Ауыл шаруашылығы министрлігінен шығарып, тікелей Президентке бағындырған дұрыс болады. Сонда ғана еліміздегі жер алқаптары бойынша тәртіп орнатылады деп үміттенемін.

Ауыл шаруашылығы аумақтарындағы тарихи ескерткіштер ескерусіз қалмауы тиіс. Өйткені, жалға алушының оған жаны ашымайды. Қорық-қорым деп емес, қора деп қарайды. Көптің сұрауы осы. Жалпы, алғашқы отырыста 60-тан астам ұсыныс түсті. Оның ешқайсы жауапсыз қалмайтынын комиссия төрағасы Вице-премьер Ералы Тоғжанов қадап тұрып айтты.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу