Ақтөбеліктердің ауыл атауларына көңілдері толмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеліктердің ауыл атауларына көңілдері толмайды

02.04.2021

Ауыл атаулары көңілден шықпай тұр. Ақтөбеліктердің шаһарға іргелес бой көтерген жаңа аудандар мен көше атауларына қатысты шағымы көп. Мәселен, қазір облыс орталығында Заречный деген 4, Жаңақоныс деген 5 елді мекен бар. Оларды тек соңындағы нөмірі арқылы ғана ажыратуға болады. Тұрғындар осы мәселені бір ізге салуды талап етіп отыр.

Жақсыбек Кемал, тілші:
Бұл - Ақтөбе қаласына қарасты Ақжар-2 елді мекені. Ал, мен тұрған жерден былай қарай Ақжар плюс деп аталады. Тұрғындар мұндай атаулардан жалыға бастағандарын айтады.

Қуандық Кәрімов бұл елді мекенге екі жыл бұрын ғана қоныс аударған. Оның өзі тұратын көшенің, қала берді ауылдың атауына көңілі толмайды. Тіпті жедел жәрдем мен такси шақырудың өзі қиын дейді.

Қуандық Кәрімов, Ақжар плюс елді мекенінің тұрғыны:
«Ақжар-2», «Ақжар плюс» деп берді шатасып кетпес үшін. Қазір қандай не келсе де «Ақжар-2, плюс» демесең түсінбейді. Таба алмайды мына жерді.

Ақтөбе қаласы жыл өткен сайын үлкейіп, жаңа елді мекендер қосылып жатыр. Алайда, оларға атау беруде бірізділік жоқ. Оны қала басшылығы да мойындап отыр. Жаңа көшелерге қатысты да дәл осындай жағдай. Ономастикалық комиссия бұдан былай қоғамдық пікір мен арнайы мамандардың пайымы ескерілетінін айтып отыр.

Мира Балтымова, ономастикалық комиссияның мүшесі:
Ақтөбе обылсында кездесетін Ақойман деген тау атауын беру көшелерге, Қабыл Иса жырау атауын беру секілді мәселелер қарастырылып жатыр. Яғни, бұл ретте атау беру сол тұрғын үй алабының, сол көшенің не біздің өңірдің тарихынан алыс кетпейді.

Қазір Ақтөбе қаласында бес көшенің аты қайталанады. Оларды да өзгерту жоспары тұр. Көбіне ұлттық сипат беретін атауларға таңдау түспек. Дегенмен, енді аймақ тарихына қатысты атаулар берілмеуі мүмкін.

Асхат Шахаров, қала әкімі:
Өңірге байланысты атаулар бітуге қалды. Бәрін қамту мүмкін емес. Соған байланысты әр жердегі тізімде бар атауларды енгізіп жатырмыз.

Көшелерге жаңа атау беруде Президент Әкімшілігі тапсырмасына сай тарихи тұлғалар мен жер-су атауларына да басымдық беріледі. Сондай-ақ, Ақтөбедегі бірнеше мәрте қайталанатын 20 елді мекеннің де атауын өзгерту жоспарланып отыр.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу