Ауыл шаруашылығы жерлері тек мемлекет құзырында болуы тиіс - депутат - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл шаруашылығы жерлері тек мемлекет құзырында болуы тиіс - депутат

25.03.2021

Диктор: Ауыл шаруашылығы жерлері тек мемлекет құзырында болуы тиіс. Бұл геосаяси маңызға ие мәселе. Себебі аграрлы алқаптар бойынша еліміз әлемде 6-шы орында, ал егістік көлемі жағынан Аустралиядан кейін екінші орында тұр. Яғни, әр адамға 1,3 га аумақтан келеді. Демек ұлттық қауіпсіздік үшін жер ресурстары жекенің емес, мемлекеттің меншігінде қалғаны жөн.

Бүгін жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті. Онлайн өткен жиында жер әкімдер үшін оңай олжаға айналғаны айтылды. Өйткені жерді бақылайтын әрі беретін құзырлы орган өздері. Енді арнайы агенттік құрып, тікелей Президентке бағынышты еткен дұрыс. Келесі өзекті мәселе топырақтың құнары. Бүгінде жалға беріліп, бірақ қараусыз жатқан жер көп. Сондықтан жерастына ғана үңіле бермей, үстіне де мән беру өзекті. Агросалаға инвестиция тартудан біз аса баяумыз. Аустралияда бір гектар егістікке құйылатын ақша 422 доллар, Канадада – 80 доллар болса, Қазақстанда бір долларға да жетпейді. 

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Егер біздің шаруашылықтарымыз шетелдік фермерлер сияқты ұзақ және арзан кредиттермен, мемлекеттік қолдаудың тиімді шараларымен, субсидиялармен кепілдендірілген сақтандыру жүйесімен және ғылыми-технологиялық жетістіктермен қамтамасыз етілсе, біздің де аграрлық саламыз инвестициялық сұраныста болар еді.

Нысаналы Ығыл

жер мәселесі

Хабарламаларға жазылу