Ақтөбеде 1-сынып оқушысы жедел жәрдем көлігі жеткенше көз жұмды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде 1-сынып оқушысы жедел жәрдем көлігі жеткенше көз жұмды

07.11.2018

Анасының айтуынша, дәрігерлер тек бір сағатқа жуық уақыт өткенде ғана көмекке келген. Енді ол құзырлы органдарға шағымданбақ. Ал, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы осы оқиғаға қатысты тексеру жұмыстары жүретінін айтады.

Кешелі бері әлеуметтік желі арқылы тарап кеткен бұл бейнетүсірілім көпшіліктің талқысына түсіп жатыр. Бірі кешіккен дәрігерлерді кінәласа, енді бірі қайғылы жағдай үстінде түсірілім жасап тұрған адамның ісін сөгуде.

Бұл оқиға 3 қарашада болған. 7 жастағы қыздың қызуы көтеріліп, артынша ес-түссіз құлаған. Айтуларынша, жедел жәрдем бір сағатқа жуық уақыттан соң бір-ақ келген. Алайда, олар жеткенше бала қайтыс болып кеткен. Марқұмның бауырлары мен анасы оны ұйықтап жатыр деп ойлап, қолын уқалап отыра берген.

Динара Баймағамбетова, марқұмның анасы:

- 1 сағаттан өте келген дұрыс емес қой, бала қиналып жатты. Мен қайта-қайта қоңырау шалдым. Оған қоса, қоңырау шалған сайын тұтқаны лақтырып тастай береді.

Өкініштісі, 8 құрсақ көтерген Динара Баймағамбетова 6 жыл бұрын да 5 жастағы қызынан айырылған. Ол кезде де жедел жәрдем кешіккен. Қара жамылған ана дәрігерлердің үстінен сотқа шағым түсірмек. Мамандар баланың өліміне «механикалық асфиксия» себеп болған дейді. Яғни, туыстары алғашқы көмек көрсетуге қанша тырысқанымен, бала тілін жұтып қойған. Анасының айтуынша, қызының денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған.

Динара Баймағамбетова, марқұмның анасы:

- Ешқандай ауру болған жоқ. Екпесін алды. Бала сап-сау болды.

Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы оқиғаға дәрігерлер тарапынан да кінә барын мойындап отыр. Жедел жәрдем «дене қызуы бар» деп шақырылған. Бірақ, қоңырау қабылдаған диспетчер шақыруды дұрыс тіркемей, ол көмекті аса қажет етпейтін категориямен жазылып кеткен. Одан бөлек, алғашында баланың мекенжайы дұрыс хабарланбаған. Салдарынан жедел жәрдем 49 минуттан соң ғана жеткен.

Светлана Есенаманова, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Кемшіліктер болды. Толық комиссия өткеннен кейін прокуратураға береміз.

Бұл оқиғаға кінәлі дәрігерлер қызметтен шеттетіліп, тексеру жұмыстары басталып кеткен. Ал, Денсаулық сақтау министрлігі арнайы комиссия құрған. Сондай-ақ, бұл оқиғаны прокуратура бақылауына алып отыр.

 

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу