Алматыда саперлер 34 мектепті тексеріп шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда саперлер 34 мектепті тексеріп шықты

19.03.2021

Бүгін белгісіз біреу Алматының 34 мектебін «жарып» жібермекші болды. «Дереу ақша аудармаса, жарылғыш зат іске қосылады»,- деген хатты ол оқу ордаларының электрондық поштасына жіберген. Елді дүрліктірген хабарламадан соң саперлер білім ошақтарын түгел тінтіп шықты. Алайда ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ. Ойнаймын деп от басқан күдіктіні қандай жаза күтіп тұр? Тілшіміз Жазира Оразқызы баяндайды. 

Ерлік Қуанышев 1-сыныпта оқитын ұлын таңертең мектепке апарып тастаған. Алайда артынша оқу орнынан хабарласып, баласын әкетуін өтінген. Ештеңе түсінбеген ол сұмдық хабарды естіп, есеңгіреп қалдым дейді.

Ерлік Қуанышев, ата-ана:  
Естіп, шошып кеттік. баламды алып кеттім.

Мәтіні бірдей хабарлама түн ішінде Алматыдағы 34 мектепке жіберіліпті. Күдікті хатты көрген бойда білім ошақтарының басшылары 102 қызметіне хабарласқан. Қазір қалада қашықтан оқу рұқсат етілгендіктен, мектептерде бірен-саран оқушы болған. Олар дереу үйіне қайтарылды. Ал оқу ордалары қоршауға алынып, күзет қойылды.

Оқиға орнына жедел жеткен Полиция қызметкерлері арнайы жасақпен дереу мектептерді тексеруге кірісті. Десе де, бірде-бір күмәнді зат табылған жоқ. Қазір күдікті іздестіріліп жатыр. 

Салтанат Әзірбек, қалалық полиция департаментінің ресми өкілі: 
Қылмыстық жауапкершілікке тартылады. 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімі көзделуде. Тәжірибеге сүйенетін болсақ, бұл хабарламаларды әдетте бұзақылық әрекетпен таратады немесе сәл ауруға, жүйке ауруына шалдыққан адамдар немесе мас күйінде жасайтын адамдар. 
Жазира Оразқызы, тілші: 
Бірнеше жыл бұрын ойын-сауық нысандары мен мейрамханада, тіпті, метрода бомба қойылды деген ақпараттар жалған болып шыққан. Ал мектепке қатысты мұндай оқыс оқиға Алматыда алғаш рет тіркеліп отыр. 


Жазира Оразқызы

Хабарламаларға жазылу